ChatGPT пен басқа ЖИ модельдерінің болжамы екіге бөлінді
19 шілдеден 20 шілдеге қараған түні футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының финалында Испания мен Аргентина құрамалары кездеседі. Матч Астана уақытымен сағат 00:00-де басталады.
Әлемдегі жетекші жасанды интеллект жүйелері мен аналитикалық модельдердің басым бөлігі (Opta суперкомпьютері, EA Sports, ScoreGPT және Microsoft Copilot) негізгі уақытта Испанияның 2:1 есебімен жеңіске жететінін болжады.
Жасанды интеллект модельдерінің есебінше, Испанияның негізгі уақыттағы жеңіс ықтималдығы – 41,4 пайыз, ал Аргентинада бұл көрсеткіш 27,3 пайызды құрайды. Сараптамалық модельдер испандықтардың турнир бойы қорғаныста тұрақты әрі сенімді ойын көрсеткенін басты артықшылық ретінде атаған.
Алайда барлық болжам бірдей емес. ChatGPT керісінше, Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасы дәл осы 2:1 есебімен жеңіске жетеді деп болжады.
Ал Microsoft Copilot финалдың ықтимал сценарийін де ұсынды. Оның болжамынша, 24-минутта Ламин Ямаль есеп ашып, Испанияны алға шығарады. 60-минутта Лионель Месси пенальтиден таразы басын теңестірсе, 78-минутта Микель Оярсабаль жеңіс голын соғып, Испанияға әлем чемпионы атағын сыйлайды.
Сондай-ақ Microsoft Copilot финалдың үздік ойыншысы ретінде Испания жартылай қорғаушысы Родриді атады. Жасанды интеллект оның алаң ортасындағы үстемдігі мен ойын барысын бақылауы жеңістің негізгі факторына айналатынын болжады.