Англия футболының аңызы Кевин Киган 75 жасында қайтыс болды
Англия футболының аңызы, екі дүркін «Алтын доп» иегері Кевин Киган 75 жасында өмірден өтті.
Бұл туралы марқұмның отбасы мәлімдеді. Бұған дейін, қаңтар айында Киганға қатерлі ісіктің төртінші сатысы диагнозы қойылғаны белгілі болған еді. Ол ем қабылдағанымен, дертті жеңе алмады.
Отбасының айтуынша, соңғы сәттерінде Кевин Киганның жанында жұбайы мен қыздары болған.
«Кевин – сүйікті жар, әке және ата болды. Біз оған қолдау көрсеткен медицина қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз. Қазір отбасымыз үшін өте ауыр кезең, сондықтан жеке өмірімізге құрметпен қарауды сұраймыз», – делінген мәлімдемеде.
Англия құрамасы Киганды еске алуды жоспарлап отыр. Қыркүйек айында Лондондағы «Уэмбли» стадионында Испанияға қарсы өтетін УЕФА Ұлттар лигасы аясындағы матч алдында оның рухына тағзым етіледі.
Кевин Киган ойыншылық мансабының басым бөлігін «Ливерпульде» өткізіп, клубпен бірге Англия чемпионатын үш рет және Еуропа чемпиондар кубогын жеңіп алды. Кейін Германияның «Гамбург» клубында өнер көрсетіп жүрген кезінде 1978 және 1979 жылдары қатарынан әлемнің үздік футболшысына берілетін «Алтын доп» жүлдесін иеленді.
Бапкерлік жолында Англия ұлттық құрамасын, сондай-ақ «Ньюкасл», «Фулхэм» және «Манчестер Сити» клубтарын жаттықтырды.