ҚФФ аталған төрешіні шеттету туралы шешім қабылдады
Қазақстан футбол федерациясында жекелеген футбол клубтарының өкілдері бәсекелестік артықшылыққа ие болу мақсатында төрешілердің жұмысына заңсыз ықпал етуге тырысқаны туралы ақпарат бар. Бұл туралы ҚФФ мәлімдеді.
ҚФФ-да төрешілердің біріне заңсыз ықпал етуге жасалған ықтимал әрекет туралы мәлімет бар. Қолда бар ақпарат пен мән-жайларды қарау қорытындысы бойынша ҚФФ аталған төрешіні футбол жарыстарында жұмыс істеуден мерзімсіз шеттету туралы шешім қабылдады. Қазіргі таңда төрешінің аты-жөні жарияланбайды. ҚФФ қысым көрсету, материалдық сыйақы ұсыну және футбол жарыстарына қатысушыларға заңсыз ықпал етудің басқа да түрлері бойынша болуы мүмкін әрекеттер туралы ақпаратты жинау және талдауды жалғастыруда, – деп мәлімдеді ҚФФ.
Федерация спорттық нәтижелерді манипуляциялауға жасалған кез келген әрекетке нөлдік төзімділік қағидатын ұстанатынын атап өтеді. Төрешілерге қысым көрсетуге, ақша ұсынуға немесе беруге, сондай-ақ матч барысына араласудың басқа да түрлеріне, оған қатысы болуы мүмкін тұлғалардың мәртебесі мен қай тарапқа тиесілі екеніне қарамастан, жол берілмейді.
Барлық келіп түскен ақпарат мұқият тексеріледі. Фактілер расталған жағдайда ҚФФ регламенттерге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шараларды қабылдайды, сондай-ақ өз құзыреті шегінде құзыретті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды. ҚФФ спорттық жарыстарды манипуляциялаудың аса ауыр түрлері үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр, – делінген ҚФФ мәлімдемесінде.
Жарыстардың адалдығы, төрешілердің тәуелсіздігі және жанкүйерлердің сенімі - Қазақстан футболының негізгі қағидаттары. ҚФФ бұл қағидаттарды қорғауды және спорттық нәтижеге футбол алаңынан тыс ықпал етуге бағытталған кез келген әрекеттің жолын кесуді жалғастырады.