Сыйлық Қазақстан Президентінің Бавария премьер-министрімен кездесуінде табысталды
Бавария премьер-министрі Маркус Зёдер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа мюнхендік «Бавария» футбол клубы ойыншыларының қолы қойылған жейдені сыйға тартты.
Сыйлық Қазақстан Президентінің Бавария премьер-министрімен кездесуінде табысталды. Кездесуде тараптар Қазақстан мен Бавария арасындағы экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Баварияның экономикалық қуаты мен инновациялық әлеуетін атап өтіп, өңірді Қазақстанның Германиядағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде бағалайтынын айтты. Оның пікірінше, Баварияның технологиялық жетістіктері Қазақстанның ресурстық және өнеркәсіптік әлеуетімен ұштасып, жаңа бірлескен жобаларға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Маркус Зёдер Баварияның Қазақстанмен көпсалалы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Ол Қазақстанда жұмыс істеп жатқан бавариялық компанияларға көрсетіліп отырған қолдау үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Маркус Зёдерді Қазақстанға шақырып, қазақ жерінде қайта жүздесуге ниетті екенін білдірді.
Айта кетейік, «Бавария» — Мюнхен қаласының әйгілі футбол клубы. Команда Германия чемпионатында және халықаралық аренада өнер көрсетеді.