Федерация Ясмина Токсанбаеваға Азия ойындарының чемпионы ретінде тиесілі сыйақыны толық көлемде төлеуге ниетті
Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы (FLАRK) Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында дисквалификацияланған Ясмина Тоқсанбаеваға қатысты шешімге шағым түсірді.
Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарында марафондық қашықтықтағы спорттық жүрістен жарысқа қатысып, 42,195 шақырымды 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, Қазақстан қоржынына алтын медаль салған.
Алайда жарыстан кейін спортшының аяқ киіміне қатысты наразылық білдіріліп, нәтижесіне байланысты мәселе туындаған. Осыған орай федерация спортшының құқығы мен мүддесін қорғау үшін тиісті наразылық пен шағым жолдаған.
Федерация мәліметінше, World Athletics ұйымының рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді бар. Алайда Токсанбаева жарыста киген аяқ киімнің нақты үлгісі аталған тізімде болмаған.
Сонымен қатар жарыс басталғанға дейін спортшының аяқ киімі тексеріліп, оның стартқа шығуына рұқсат берілген. Федерация осы жағдайды да шағымында негіз ретінде көрсетіп отыр.
«Федерация Ясминаның құқықтары мен мүддесін қорғау жұмыстарын жалғастырады. Сонымен қатар біз жауапкершіліктен бас тартпаймыз. Спортшыны сапалы дайындау мен жарыста нәтиже көрсету ғана емес, белгіленген регламенттер мен техникалық талаптарды сақтау, сондай-ақ халықаралық спорт ұйымдарында спортшылардың мүддесін тиімді қорғау да маңызды», — делінген федерация мәлімдемесінде.
Соған қарамастан, федерация Ясмина Токсанбаеваға Азия ойындарының чемпионы ретінде тиесілі сыйақыны толық көлемде төлеуге ниетті.
«Біз үшін Ясмина — чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Жолдаған наразылығымыз бен шағымымыздың қаралу нәтижесіне қарамастан, чемпионға тиесілі барлық сыйақы федерацияның өз қаражаты есебінен толық төленеді», — деп мәлімдеді федерация.