Темірлан Анарбековтың пенальти қайтарған сәті УЕФА назарын аударды

Ол футболшылар арасында ең жоғары бағаға – 8,6 ұпайға ие болды

ФК "Қайрат"
ФК "Қайрат"

Алматылық «Қайрат» клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков УЕФА Конференция лигасының 2026/27 жылғы маусымындағы жалпы кезеңнің алғашқы турында көзге түсті. Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы қазақстандық қақпашының пенальтиді қайтарған сәтін үздік бес сейвтің қатарына қосты.

«Қайрат» Латвияның «Рига» клубымен сырт алаңда кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті. Матчтың 5-минутында Марк Гуаль пенальтиден алматылықтарды алға шығарды. Алайда алаң иелері 12-минутта есепті теңестірді.

Кездесудің шешуші сәттерінің бірі 28-минутта болды. Осы уақытта «Қайрат» қақпасына пенальти белгіленді. Бірақ Темірлан Анарбеков қарсылас шабуылшысы Мұхаммед Бадамосудың соққысын қайтарып, командасын голдан аман алып қалды.

УЕФА қазақстандық қақпашының сейвін жоғары бағалап, турдың үздік бес сәтінің қатарына енгізді. Қақпашының пенальтиді қайтарған сәті турнирдің ресми әлеуметтік желілерінде жарияланды.

Халықаралық статистикалық Sofascore порталы да Темірлан Анарбековты матчтың үздік ойыншысы деп таныды. Ол екі команда футболшыларының арасында ең жоғары бағаға – 8,6 ұпайға ие болды.

Осылайша, «Қайрат» Конференция лигасының жалпы кезеңін тең нәтижемен бастап, алғашқы ұпайын еншіледі. Бірінші турдан кейін алматылық клуб турнир кестесінде 15-орынға жайғасты.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам