«Үйде болмайтын күйеу маған не үшін керек»: 20 жастағы футболшы қыз футболшыға тұрмысқа шықпайтынын айтты

Анель Бланк неліктен футболшыға тұрмысқа шыққысы келмейтінін түсіндірді

instagram.com/knnelyaa
instagram.com/knnelyaa

Қазақстандық футболшы Анель Бланк Tengri Sport-қа берген сұхбатында болашақ жарына қоятын талаптары мен тұрмыс құру жоспары туралы айтты. «Қызылжар» клубының 20 жастағы қорғаушысы алдымен мансабын қалыптастырып, қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізгісі келеді. 

Спортшының сөзінше, ол баспана алып, жеке қаржылық қорын қалыптастырмайынша тұрмысқа шығуды жоспарламайды. Сондай-ақ 36 жаста отбасын құрғысы келетінін атап өтті.

«36 жас деген жаман емес деп ойладым. Сол уақытқа дейін қыдырып та, футбол ойнап та үлгеремін, ең бастысы, тұлға ретінде қалыптасамын», – деді Анель Бланк.

Футболшы болашақ жарының бойы өзінен аласа болмағанын қалайтынын айтып, футболшыға тұрмысқа шығуға ниетті емес екенін жеткізді.

«Футболшылардың өмір салтын жақсы білемін. Мен үшін вахталық әдіспен жұмыс істейтін адам да, футболшы да қолайлы емес. Өйткені олар үнемі үйде болмайды. Үнемі үйде болмайтын күйеу маған не үшін керек?» – деді ол.

Анель Бланк 2006 жылғы 1 қаңтарда Семейде дүниеге келген. Ол «Жетісу» мен «Қызылжар» клубтарында ойнап, Қазақстанның U-17 және U-19 құрамаларына шақырту алған. Футболшы голдан кейінгі ерекше биімен де әлеуметтік желілерде танылған. Оның айтуынша, бұл әрекеті әйелдер футболына деген қызығушылықты арттыруға көмектескен.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам