Қазақстандық футболшыға әзірге белгілі бір шектеулер қойылған
«Ахмат» клубының бас бапкері Станислав Черчесов Ресей Премьер-лигасының 11-туры аясында «Зенитке» қарсы өтетін матч алдында Қазақстан құрамасының вингері Максим Самородовтың жағдайына тоқталды. Футболшы жарақатына байланысты соңғы ойындарды өткізіп алған.
Черчесовтің айтуынша, Самородов «Динамоға» қарсы кездесуден кейін жалпы топпен жаттыға бастаған. Алайда қазақстандық футболшыға әзірге белгілі бір шектеулер қойылған.
«Максим «Динамодан» кейін шектеулермен жалпы топта жаттығып жүр. Оның жағдайын біртіндеп бақылап, матчқа қаншалықты дайын екенін анықтап жатырмыз. Футболшының өзі алаңға шығуға асығатыны түсінікті. Бірақ оның ойнауға дайын ба, жоқ па және жағдайын ушықтырмай, командаға қаншалықты көмектесе алатынын түсінуіміз керек», – деді Черчесов клубтың ресми сайтына берген сұхбатында.
Айта кетейік, бұған дейін Черчесов Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородовтың ұлттық құрама сапында жарақатына қарамастан алаңға шыққанын мәлімдеді.
Черчесовтің айтуынша, Самородовтың жарақаты кемінде үш апта емделуді қажет еткен. Соған қарамастан, ол Қазақстан құрамасы сапында ойынға қатысқан. Қазір футболшының жағдайы қосымша тексеруді қажет етеді.