«Зенит» пен «Ахмат» матчынан кейін футболшылар арасында жанжал шықты
Ресей Премьер-лигасының 11-туры аясында өткен «Зенит» пен «Ахмат» арасындағы матчтан кейін футболшылар арасында жанжал туындады. Санкт-Петербург клубы 3:2 есебімен жеңіске жеткен кездесудің соңы төбелеске ұласты.
Оқиға ойынның 90+6-минутында басталған. «Ахмат» футболшысының Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліппен соқтығысуынан кейін алаңда дау туындады. Осыдан соң «Зенит» шабуылшысы Александр Соболев пен грозныйлық қорғаушы Калиду Сидибе сөзге келіп, Соболев сары қағаз алды.
Матч аяқталғаннан кейін футболшылар арасындағы кикілжің қайта жалғасты. Алаң жиегінде ойыншылар бір-бірін итере бастаған. «Зениттің» бас бапкері Сергей Семак Соболевті сабырға шақыруға тырысты. Кейін клубтың бұрынғы капитаны Владислав Радимов шабуылшыны алаңнан алып кетті.