Португалиялық шабуылшы сол кезде команданың да, өзінің де сенімін ақтамаған
«Манчестер Юнайтедтің» бұрынғы бас бапкері Эрик тен Хаг Криштиану Роналду 2022 жылы жаттығуға дұрыс дайындалмағандықтан, команданың жоспарын ақтамағанын мәлімдеді. Нидерландтық маманның айтуынша, португалиялық шабуылшы сол кезде команданың да, өзінің де сенімін ақтамаған.
Тен Хаг бұл туралы The Athletic басылымына берген сұхбатында айтты.
Роналду 2021 жылы өзі 2003–2009 жылдары өнер көрсеткен «Манчестер Юнайтедке» қайта оралды. Алайда арада бір жыл өткенде клубпен арадағы қарым-қатынасы шиеленісіп, командадан кетті. Футболшы клуб пен бас бапкерді ашық сынағаннан кейін тараптар келісімшартты өзара келісім бойынша бұзды.
«Ол команданың да, менің де сенімімді ақтамады. Өйткені біз оны ескере отырып, жоспар құрдық. «Манчестер Юнайтедке» келмей тұрып-ақ Португалияға барып, онымен өз мақсаттарымды талқыладым. Әрине, ол футбол тарихындағы ең үздік ойыншылардың бірі. Мен оны қатты құрметтедім. Бірақ сол сәтте бапкер ретінде ақылға қонымды шешім қабылдауым керек болды», — деді тен Хаг.
Маманның сөзінше, ол Роналдуға алаңдағы міндеттерін де түсіндірген. Бапкер командаластары португалиялық шабуылшыны соққы жасауға қолайлы орынға шығаруға тырысатынын, алайда оның өзі айып алаңына дер кезінде кіре алмаса, гол соғу мүмкіндігі де азаятынын айтқан.
«Мен оған: «Ронни, бәрі сені соққы жасауға қолайлы жағдайға шығару үшін жұмыс істеуге дайын. Бірақ өзің айып алаңына кіре алмасаң, гол да соға алмайсың», — дедім. Ол кезде Роналду мұны орындай алмады. Мен одан әбден қалжырағанша қарсыласқа қысым жасауды талап етті деген сөз мүлде дұрыс емес. Мәселе оның мұны істей алмауында болды. Ол доппен де, допсыз да үдей жүгірмеді. Себебі өзін қажетті деңгейде дайындамаған еді», — деп қосты тен Хаг.
«Манчестер Юнайтедтен» кеткеннен кейін Криштиану Роналду Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубына ауысты. Португалиялық футболшы әлі күнге дейін осы команда сапында өнер көрсетіп жүр.