Гарсия мен Күндесіз «Барселона» қорғанысы осал
Эй, қайдасыңдар, тәтелер?! Эй, қайдасыңдар, диван эксперттері?! «Барса» бәйгені шаппай алатынына, «Реал» тас-талқан болып жеңілетініне көзсізсенетіндер! Жиналыңдар?!
«Барселона» маусымды керемет бастады. Бірақ «Реал» да ай қарап, жұлдыз санап отырған жоқ. Халықаралық үзілістен кейін мадридтіктер күшінемінді. Жеңіс сериясы қатарынан төрт матчқа жетті.
Винисиус жоқ – команда бар
Винисиустың дисквалификациясы «Реал» үшін табыс әкеледі деп кім ойлаған. 2024 жылғы «Алтын доп» додасынан кейін футболға өкпелі Винисиус ТОП деңгейге әлі шыға алмай жүр. Қазір Винидің түрі ғана емес, ойыны да Умтитиге ұқсап барады. Моуринью сенеді, бірақ карт-бланш атымен жоқ.

Винисиус Жуниор (Фото: Denis Doyle / Getty Images)
«Вильярреал» матчында командасын қиын жағдайда қалдырды. Римдегі (Рома) матчта алаңнан Вини кеткен соң камбэк басталды. Мадрид «Севилья» командасын Винисіз де оңай жықты. «Лейпциг» клубына қарсы ойында Винидің орнына Диоманде шыққан соң ойын түлеп сала берді. 19 жастағы оғлан гол+пас нәтижесін тіркеді.
Ян Диоманде трансферін ақтауға кірісті
Жазда «Реал» €125 млн төлеген 19 жастағы Ян Диоманденің адаптациясы ақырындап мәресіне жетті. Трансферлік құны үшін хейт арқалаған ивуарлық вингер «Реал» клубына лайық ойыншы екенін соңғы 2 апта бойы дәлелдеп келеді. Халықаралық үзілістен кейін әр матч сайын көзге түсті. «Вильярреал» (жеңіс голы), «Рома» (ассист), «Севилья» (гол+пас), «Лейпциг» (гол+пас). Бала бабында, енді оны запаста отырғызып көр.

Ян Диоманде. Фото Reuters
Қос қапталда да олжалы. Екі аяғымен тең тебе береді. Дриблингке сенімді барады. Қақпаға именбей тебетін болды. Қорғанысқа дер кезіндекөмекке келеді, прессингке қорықпай араласады. Мбаппені «ағалап», Беллингемді «жағалап», Гюлердің «көңілін тауып», Моуриньюның тілін алып – өте жақсы ойнап жүр.
Екінші нөмірмен ойнау – Моуринью үшін олжа
«Эль-класико». Моуринью үшін таңсық емес. Мұндай қысым португал бапкерінің жанына майдай жағады. Көптің талқысына, ТОП матчта алаң жиегінде тұрғанды қанша күтті. Ол күнге де жетті, енді олжалы болуы керек.
Моуринью бұған дейін Фликке қарсы бір рет ойнаған. 2019 жылы Мюнхенде аузын айға білеген «Бавария» құрамында Харри Кейн мен Сон Хын Мин бар «Тоттенхэм» клубын 3-1 есебімен жеңген еді. Сол маусымда «Бавария» ЛЧ жеңімпазы болғанын, «Барселона» 8-2 есебімен ойсырай жеңілгенін еске алсақ, Фликтің жеңісі заңды болатын. Бірақ, бұл жолы «эль-класико». Команда құрамы басқа, амбиция айрықша.

Жозе Моуринью мен Ханс-Дитер Флик. Фото: Getty Images
Флик қалыпты ойын стилінен бас тартпайды. Бірінші нөмірмен ойнап, алғашқы минуттан бастап прессингке тап береді. Килиан Мбаппе бастапқыда Флик құрған қақпанға (офсайд) жиі түсіп қалатын. Француз «диктаторы» уақыт өте оның да жауабын тапты.
Моуринью екінші нөмірмен ойнау ғылымдарының докторы. Допты бергенімен, бақылауынжоғалтпайды. Мохаммед Алидің тілімен айтсақ, рингте «көбелектей көлбеңдеп жүреді де, ара құсап шағып алады». Контр шабуыл – «Реал» сапында оны жүзеге асыратын ойыншы жеткілікті. Аутсайдер статусы Моуриньюның эгосын қамшылап, эль-класик теке-тіресін жығуға итермелейді. Екі жыл трофейсіз қалған «Реал» менталитетін қайрайтын сәт осы. Жеңсе – брависсимо, тең ойнаса – бәрекелді, жеңілсе – фиаско.
Феде оң қаптал мәселесін шешті
Трент қазір трендте емес. «Интер» сапында 5 жыл бойы үш қорғаушы жүйесіне әбден үйреніп алған Дензел Дюмфрис әзірге қорғаныста да, шабуылда да олжалы емес. Осылайша, Моуринью оң қапталға капитан Феде Вальвердені жекті. Уақытында Карвахальды жоқтатпаған Феде қазір Моуриньюны боқтатпай отыр.

Феде Вальверде / Фото: © Daisuke Nakashima /AFLO / Global Look Press
«Барселона» бұл қапталмен оқтын-оқтын шабуылдайды. Гордон (Адейеми), Канселу, Рафинья, ішінара Педри «Барселона» шабуылын сол қапталмен ұйымдастырады. Ауыр жүк, 90 минут толассыз шабуылға төтеп беру керек. Зейіні бір секундтқа да босаңсымауы керек. Ал, бұл міндетті капитаннан артық ешкім атқара алмайды.
Феденің оң қапталға ойысуы «Реал» орта шебінде Арда Гюлер, Бернарду Силва, Тчуамени (Камавинга), Беллингем сияқты ойыншылардыңтүгел стартқа ілігуіне жол ашады.
«Реал» – ротацияға бай
Лазаретте айлап жатқан «Реал» ойыншыларыбіртіндеп қатарға қосылып жатыр. Эндрик Римдегі тарихи камбэктің авторы болып үлгерді. Милитао сәуірден бері алғаш рет 5 минутқа алаңға шықты.Хейсен, Конате, Рюдигер бабында. Кукурелья мен Каррерас арасында да бәсеке қызу жүріп жатыр. Қорғаныста мәселе жоқ.
Браим Диас пен Карлос Эспи – алаңға 5 минутқа шықса да, әрбір секундты пайдасына жарататын джокерлер. Эндрик те Римде джокер статусына лайық екенін көрсетті. Сондықтан, «Реалдың» старты да, тылы да қуатты. Команда ротацияға бай.

Жозе Моуринью және Карлос Эспи. Фото: Getty Images
Ал, «Барселона» қорғанысында мәселе көп. Эрик Гарсия мен Жүл Күнде жарақат алды. Париждегі матчта Гарсияның жоқтығы Кубарсиге қаншалықты қиын соғатынын көрсетті. Хави Эспарт талантты болғанымен, Жүл Күнденің тәжірибесі шешулі рөл атқарады.
Рафинья жарақатынан енді оралды. Әлі толық бабына келіп үлгермеді. «Барселона» шабуылының кез келген нүктесінде ойнайтын Ольмо ПСЖ-ға қарсы матчта ауыр жарақат алып, маңызды матчтың алдында командасын қиын жағдайға қалдырды.
Стандарт – «Реал» қаруы, «Барса» бас ауруы
Жозе Моуринью позициялық футболға ешқашан бас ауыртқан маман емес. Стандарт – «Реал» клубының бас қаруы. Кросс кеткенімен, стандартты мінсіз орындайтын Гюлер бар. Рамос кеткенімен, әуедегі допқа арыстанша атылатын Рюдигер бар. Беллингем, Конате, Хейсен үштігі де стандарт шеберлері. «Реал» ойыншылары Ла Лига клубтары арасында ең аз жүгіретін команда (әр матчта орта есеппен 83,46 км). Есесіне, стандартты барынша тиімді пайдаланады.

Антонио Рюдигер / Фото: © Europa Press Sports / Contributor / Getty Images Sport
«Барселона» керісінше: соңғы үш матчта (Бетис, Галатасарай, ПСЖ) қарсыластың бұрыштама добының соңы голмен аяқталды. Родри көмекке келмесе, Гарсия мен Күндесіз стандарт жағдайы қиын соғады.
«Барселона» жеңсе, 9 ұпайға алға озып, Ла Лига тартысы бәсеңдейді. «Реал» чемпиондықтан ерте шығып қалуы мүмкін.
25-қазанда эль-класико (Астанада 25-і), ертеңінде «Алтын доп» табыстау рәсімі өтеді. Басты кандидаттар – Мбаппе мен Ямаль Лондонға жақсы көңіл-күймен жеткісі келеді. Сондықтан, бұл матч екі клубтың ғана емес, қос дүлдүлдің де тартысына айналайын деп отыр.