Чемпиондықтың тағдыры соңғы турда шешілуі мүмкін
Шымкенттік «Ордабасы» мерзімінен бұрын Қазақстан чемпионы атану мүмкіндігін пайдалана алған жоқ. ҚПЛ-дің 29-турында өз алаңында «Жеңісті» пайдаланған Мартин шәкірттері 1:1 есебімен тең ойнап, «Қайратқа» үміт сыйлады.
Айта кетейік, Премьер-лиганың аяқталуына соңғы екі тур қалғанда «Ордабасы» «Қайраттан» төрт ұпай алда тұрған. Бүгінгі матчта жеңіске жетсе автоматты түрде ел чемпионы атанар еді.
Матч Қажымұқан Мұңайтпасов стадионында өтіп, трибунада бос орын болған жоқ. Жергілікті жанкүйерлер сүйікті командасының чемпиондығын атап өтеміз деген ниетпен стадионды лық толтырды.
Бірінші таймда командалар гол соқпақ түгілі қақпаға доп тепкен жоқ. Қызықтың бәрі екінші таймда басталды. 47-минутта «Ордабасы» ойыншысы Килама өз қақпасына гол соғып, командасының жағдайын біршама қиындатты. Ол аз болғандай, шымкенттік клубтың басты жұлдызы – Жасұлан Әмір 66-минутта алаңнан қуылды. Соған қарамастан араға төрт минут салып Эльхан Астанов таразы басын теңестіріп, жанкүйерлерге үміт сыйлаған. Алайда, матч аяқталғанға дейін бұл есеп өзгерген жоқ.
Қазір «Ордабасы» клубында 68 ұпайы бар және «Қайраттан» бес ұпайға алда келеді. Дегенмен, алматылықтардың бір ойыны кем. Яғни, чемпиондықтың тағдыры соңғы турда шешілуі мүмкін.