12 ойыннан кейін небәрі 8 ұпай жинаған «Бернли» турнирлік кестенің 22-сатысында тұр
Англияның Чемпионшип лигасының 12-турында «Бернли» «Линкольнге» қонаққа барып, 1:4 есебімен ойсырай жеңілді. Дастан Сәтпаев бірінші минуттан алаңға шыққанымен, екінші таймда алмастырылды.
Матчтағы есепті «Бернли» ашқан. 39-минутта Андреас Унтонджи Лукас Пирестің берген пасын голға айналдырды. Алайда, тайм аяқталуға бірнеше секунд қалғанда «Линкольн» есепті теңестірді, гол авторы – Бен Хаус.
Екінші таймда алаң иелері басымдықты толықтай өз қолына алды. 49-минутта Миккель Ладефогед командасын алға шығарса, 56-минутта Дом Джефриз есепті еселеді. Ал, 67-минутта Ладефогед дубль авторы атанып, таблодағы көрсеткішті 4:1-ге жеткізді.
«Бернли» бас бапкері Дастан Сәтпаевтың 59-минутта алмастырды. Соған қарамастан оның командасы ойынды құтқара алған жоқ.
Осылайша 12 ойыннан кейін небәрі 8 ұпай жинаған «Бернли» турнирлік кестенің 22-сатысында тұр (барлығы 24 команда). «Линкольн» болса 15 ұпай жинап, 15-орынға тұрақтаған.