Ол қазақ футболын дамытудың жаңа жүйесін дайындамақшы
Жақында ғана футболдан Қазақстан құрамасына бас бапкер болып тағайындалған Станислав Черчесов неліктен Қазақстан құрамасына келгенін және алдына қандай міндеттер қойылғанын айтты.
Ресейлік маман Vesti.kz порталына сұхбат берген.
«Шамамен екі ай бұрын мен шетелде жұмыс істегім келмейтінімді айттым. Содан кейін ұсыныстар болды. Қазақстан құрамасы менің концепцияма сәйкес келеді деп ойлаймын. Мұнда мені ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов күтіп алды. Біз сөйлесіп, қалай жұмыс істеу керек екенін түсіндік. Жобаны бірлесіп жасау керек деп шешім қабылдадық», - деді ол.
Бас бапкердің айтуынша, қазақ футболын дамытудың арнайы жүйесін дайындайды.
«Өткен маусымда команда сәтті ойнады. УЕФА Ұлттар лигасының жаңа парағын бастаймыз. Ұлттық құрама Астанадан Алматыға көшеді, себебі стадионда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жігіттермен сөйлескенімде айтқанымдай, ең басты міндет – өткен кезеңнен жақсырақ болу. Іргетасы қаланды, енді оны кірпішпен қалау керек. Шартты түрде қазақ футболының өркендеуіне мүмкіндік беретін белгілі бір жүйені құру қажет. Менің міндетіме тек ұлттық құрама емес, жастар мен жасөспірімдер құрамаларының дамыту да кіреді. Енді оларға да назар аудару қажет», - дейді бапкер.
Сонымен қатар Черчесов бір жылда көп нәрсе өзгеретінін, команданың әлеуеті өсіп, заманауи футбол көрсетуге тырысатынын қосты.