
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы соңғы 9 ресми матчтың 8-інде жеңілген
Әлем чемпионатына іріктеу жалғасып жатыр. Қазақстан құрамасы кезекті сынағын сырт алаңда өткізеді. Бұл жолғы қарсылас – Еуропаның ең шағын әрі ең әлсіз футбол елдерінің бірі саналатын Лихтенштейн.
Қиын кезеңнің жалғасы
Қазақстан құрамасы үшін 2025 жыл оңай басталмады. Жаңа бапкер Әли Әлиевке ауыр мұра қалды. Бұрынғы бапкер Станислав Черчесовтың тұсында Ұлттар лигасында топ соңында қалып, бірде-бір гол соға алмау – тығырыққа тірелген футболымыздың қазіргі ахуалын айқын көрсетті.
Сенбі күні Кардиффте өткен Уэльске қарсы матчта да жағдай мәз болған жоқ. Ерте гол өткізіп алған «қырандар» кейін есепті теңестіргенмен (Асхат Тағыберген пенальтиден мүлт кеткен жоқ), екінші таймда екі гол жіберіп, 3:1 есебімен жеңілді. Қақпашы Александр Заруцкий бірнеше сейв жасап, командасын аман алып қалуға тырысқанымен, қорғаныстағы қателіктер бәрін жоққа шығарды.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы соңғы 9 ресми матчтың 8-інде жеңілген. Бұл – соңғы он жылдағы ең нашар көрсеткіш. Тағы бір антирекорд: 2013 жылдың қыркүйегінен бері әлем чемпионатына іріктеу аясында 22 матчтың бірде-бірінде жеңіске жете алмаған. Бұл тұрғыда біз тек Сан-Марино (76 матч) мен Лихтенштейннен (42 матч) ғана алдамыз.
Лихтенштейн – әлсіз қарсылас па, әлде қауіпті ме?
Лихтенштейн құрамасы да оңып тұрған жоқ. Солтүстік Македониядан 0:3 есебімен жеңілген матчта олар допқа тек 25% иелік етіп, қақпаға бір-ақ соққы жасаған. Былтыр УЕФА Ұлттар лигасында Сан-Мариноға екі мәрте есе жіберіп, топтың соңында қалған.
ФИФА рейтингісінде 204-орында тұрған бұл командадан көп үміт күту қиын. Алайда Германиялық бапкер Конрад Фюнфштук команда құрамына жаңа леп әкелуге тырысуда. 2023 жылдың маусымынан бері қызмет атқарып келе жатқан бапкер 19 матчтың тек бірінде ғана жеңіске жеткеніне қарамастан, жуырда келісімшартын үш жылға ұзартты. Бұл оның ұзақмерзімді жобамен жұмыс істейтінін аңғартады.
Ол бұл жолғы ойындарға 23 футболшыны шақырып, олардың бесеуіне алғаш рет мүмкіндік берді. Италияда туған шабуылшы Вилли Пицци дебют жасап үлгерді, ал алдағы ойында Деннис Салановичпен шабуыл шебінде шығуы мүмкін. 5-3-2 схемасымен ойнайтын Лихтенштейн шабуылға сирек шығады, алайда тәртіп пен ұйымшылдыққа басымдық береді.
Қазақстан құрамасы – кімдерге сенім артады?
Осы ойында бірнеше ротация орын алады деп отырмыз. Георгий Жуков, Абат Айымбетов және Дастан Сәтпаевтарға көбірек минуттар берілетін секілді. Сұлтанбек Астанов та негізгі құрамға еніп, қақпаны Мұхаммеджан Сейсен күзетуі тиіс.
Қорытынды: тарихи сәтке жол ашылар ма екен?
Бәрі сандармен емес, сеніммен өлшенетін сәт. Қазақстан құрамасы үшін Лихтенштейнмен өтетін матч – тек кезекті үш ұпай үшін емес, ұзаққа созылған сәтсіздіктер сериясына нүкте қоюға арналған мүмкіндік. Бұл ойын – футболшылардың, бапкердің ғана емес, жанкүйердің де шыдамын сынайтын сәт.
Сейсенбі кешінде жеңіс болмаса да, сапалы ойын мен жігерлі күрес көргіміз келеді. Жанкүйер соған лайық.
Ермұхамед Мәуленнің Telegram-парақшасынан