
Месси 2021 жылы «Барселонадан» кеткен еді
«Барселона» клубының президенті Жоан Лапорта бұрынғы аргентиналық шабуылшы Лионель Мессимен арадағы қарым-қатынас туралы айтты.
«Біз ұзақ уақыт бойы өте жақсы қарым-қатынаста болдық. Бірақ келісімшартты ұзартпаған кезде ара-қатынасымыз сәл бұзылды. Кейін оны біршама қалпына келтірдік. Біз оған лайықты құрмет көрсету шарасын ұйымдастырғымыз келеді», – деді Лапорта Mundo Deportivo-ға берген сұхбатында.
Еске салайық, Месси 2021 жылы «Барселонадан» кетіп, «Пари Сен-Жерменмен» келісімшартқа қол қойған болатын. Каталондық клуб сапында ол 778 матч өткізіп, 672 гол соғып, 303 нәтижелі пас берген. 2023 жылы аргентиналық жұлдыз «Интер Майами» клубына ауысты.