
Алмас Құлшынбаев: Егер объективті қарасақ, қазір бұл команда бізден күштірек
Қазақстандық танымал бапкер Алмас Құлшынбаев алдағы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Солтүстік Македония мен Қазақстан құрамалары арасындағы ойынға қатысты өз пікірін айтты.
Маманның сөзінше, бұл кездесуде Солтүстік Македонияға жеңіс ауадай қажет, сондықтан қазақстандық құрамаға оңай болмайды.
«Егер объективті қарасақ, қазір бұл команда бізден күштірек. Астанада өткен алғашқы ойында Қазақстан жақсы ойын көрсетті, бірақ сәл ғана айырмашылықпен жеңілді. Ал сырт алаңда бәрі басқаша болады. Біз өзіміз қалағандай шабуылға бейім футбол көрсете алмаймыз, себебі македондар оған мүмкіндік бермейді», — деді Құлшынбаев Sports.kz-ке берген пікірінде.
Сарапшы сонымен қатар ойынның ықтимал нәтижесіне де баға берді:
«Менің ойымша, жеңіс мүмкіндігі — 60/40 Солтүстік Македонияның пайдасында. Бірақ Қазақстанның кем дегенде тең есепке жететініне сенемін», — деп түйіндеді ол.
Матч бүгін түнде, 23:45-те (Астана уақытымен) Солтүстік Македонияда өтеді. Бұл кездесу – Қазақстан құрамасы үшін әлем чемпионатына іріктеудегі маңызды сынақ болмақ.