Нұрсұлтан Құрман, Ермұхамед Мәулен және Олжас Байбосын! Жаңа ЖБ Шоу!

«Мен оны танымайтынмын». Өзбекстандық «Gold» Еркебұлан Тоқтарға қатысты мәлімдеме жасады

10.01.2026, 18:42

Көпшілік екеуара жекпе-жекті күтіп жүр. 

«Мен оны танымайтынмын». Өзбекстандық «Gold» Еркебұлан Тоқтарға қатысты мәлімдеме жасады
Әлеуметтік желі

Өзбекстандық аралас жекпе-жек шебері, Gold лақап атымен танымал Шахзод Узоковқазақстандық спортшы Еркебұлан Тоқтарға қатысты даулы мәселе жөнінде алғаш рет пікір білдірді. Ол бұл туралы Bugun Sport YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.

Сұхбат барысында жүргізуші Узоковтан екеуара жекпе-жекке қатысты әңгімені алғаш болып кім бастағанын сұрады. Gold-тың сөзінше, бұл тақырып бастапқыда оған қызықты болмаған.

«Шынымды айтсам, Еркебұланды бұрын білмейтінмін, оған аса мән де берген жоқпын. Бір видеода оның «Gold деген біреу шығыпты» деген сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Соған қарамастан, мен үндемедім, айта берсін дедім. Бірақ кейін ол «Сатурн» туралы айта бастады. Сөз арасында «Өзбекстанда «Сатурн» сияқты 4-5 спортшы бар, солардың бәрін біртіндеп жеңемін» деді. Сол кезде мені де, тұтас Өзбекстанды да қоса айтқан соң, жекпе-жекке қатысты интрига туындады», – деді Узоков.

Шахзод Узоков өз сөзінде құқықтық тәуекелдер бар екенін біле тұра, Еркебұлан Тоқтар үшін Өзбекстанға арнайы келгенін де жасырмады.

«Таиландта жүргенде өзіме іздеу жарияланғанын білдім. Мен сөзбен емес, іспен дәлелдеуді жөн көрдім. Сондықтан Өзбекстанның намысы үшін келдім. Еркебұлан болса, мен туралы «ол Өзбекстанға келе алмайды, жеке мәселелері бар» деді. Мен оны Таиландқа шақырдым, бірақ ол келмеді. Сол себепті Өзбекстанға өзім бардым. Соттағы соңғы сөзімде де: «Еркебұлан үшін келдім, Алла қаласа, оны жеңемін, әбден мазасын қашырып, содан кейін кетемін» деп айттым», – деп толықтырды ол.

Соңғы кездері Еркебұлан Тоқтар мен Шахзод Узоковтың есімдері әлеуметтік желіде жиі қатар аталып, көпшілік арасында қызу талқыға түскен. Екі тарап бірін-бірі кезек-кезек жекпе-жекке шақырып, медиа кеңістікте айтарлықтай шу тудырды. 

Айта кетейік, Еркебұлан Тоқтар желтоқсан айының соңында Ташкентте өткен бокс кешінде жергілікті спортшы Тимур Никулинді бірінші раундта нокаутпен жеңген болатын. Сол жекпе-жектен кейін қазақстандық спортшы шаршы алаңда тұрып Шахзод Узоковты ашық түрде жекпе-жекке шақырды және артынша екеуі көз түйістірді.

Шахзод «Gold» Узоков - Instagram желісінде 1,2 миллионнан астам оқырманы бар өзбек спортшысы.

2020 жылы ол бұзақылық бабы бойынша төрт жылға сотталған, алайда жазасын толық өтемеген. Бостандыққа шыққаннан кейін Таиландқа аттанып, ММА-де бағын сынап жүр. Ал 2024 жылдың қараша айында оған бұзақылық бойынша қайта айып тағылған.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам