ҚПЛ 20-тур: Ордабасы көшбасшы болды. Ақтөбе қазақ бапкерлерге неге сенбейді? Қайрат ЛЧ-ге дайын

«Аузыңды жабамын»: Қуат Хамитов ресейлік файтерге сес көрсетті

27.08.2026, 22:19

Қуат Хамитов Алексей Махноны Душанбеде жекпе-жекке шақырды

«Аузыңды жабамын»: Қуат Хамитов ресейлік файтерге сес көрсетті
Әлеуметтік желі

Қазақстандық ММА файтері Қуат Хамитов ресейлік Алексей Махноға тағы да жекпе-жек ұсынды. Ол 31 қазанда Душанбеде өтетін ACA турнирінде ұзаққа созылған текетіреске нүкте қоюға дайын екенін мәлімдеді.

Хамитов әлеуметтік желідегі үндеуінде олардың кездесуі бірнеше рет кейінге шегеріліп, өтпей қалғанын еске салды. Қазақстандық файтердің айтуынша, әр сәтсіз келісімнен кейін Махноның мәлімдемелері көбейе түскен.

«31 қазанда Душанбеде ACA турнирі өтеді деп естідім. Алексей Махноға айтарым: біздің жекпе-жек әр кейінге шегерілген сайын сен одан сайын көп сөйлейтін болдың. Сондықтан Душанбеде аузыңды жапқым келеді. Дайындал, сені тағы бір “зейнетке” шығару күтіп тұр. Мен ACA-ға қажетсіз файтерлерді шығарып жіберу үшін келдім. Душанбе, Тәжікстан, жақында кездесеміз», – деді Хамитов.

Қос файтер арасындағы текетірес былтырдан бері жалғасып келеді. Хамитов 2025 жылдың қазанында ACA 194 турнирінде дебют жасап, Анатолий Бойконы төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңгеннен кейін Махноны жекпе-жекке шақырған еді. Алайда жоспарланған кездесу сол күйі ұйымдастырылмады.

2026 жылдың шілдесінде Махно да Хамитовпен айқасуға дайын екенін айтып, ұзаққа созылған сөз таласына нүкте қоюды ұсынды. Бұған жауап ретінде қазақстандық файтер қазан айының соңын қолайлы мерзім ретінде атаған.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам