NAIZA лигасы халықаралық DAZN спорттық стриминг сервисімен келісім жасасты
Қазақстандық NAIZA аралас жекпе-жек лигасы халықаралық DAZN спорттық стриминг сервисімен келісім жасасты. Енді отандық промоушеннің турнирлерін Орталық Азиядан тыс аймақтардағы көрермендер де тамашалай алады.
2016 жылы іске қосылған DAZN жазылым жүйесі арқылы жұмыс істейді және әлемнің 200-ден астам елі мен аумағын қамтиды. Платформа жыл сайын шамамен 90 мың спорттық іс-шараны көрсетеді. Оның тұрақты аудиториясы 300 миллионнан асады.
Халықаралық келісім жарияланғаннан кейінгі алғашқы ірі дода NAIZA 85 мерейтойлық турнирі болмақ. Жарыс 19 қыркүйекте Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өтеді. Кеш аясында екі чемпиондық жекпе-жек ұйымдастырылады.
Турнирдің басты кездесуінде жеңіл салмақтағы чемпион Жансерік Жақсығұлұлы белбеуін алғаш рет қорғайды. Оның қарсыласы - промоушенге жарқын қадам басып, басты үміткер атанған нокаутшы Мири Садықов.
Кештің екінші маңызды жекпе-жегінде аса жеңіл салмақта Болат Заманбеков пен Еламан Саясатов қайта кездеседі. Олардың NAIZA 83 турниріндегі алғашқы айқасы дауға ұласып, Саясатовтың дисквалификациясымен аяқталған еді. Енді Заманбеков чемпиондық мәртебесін айқын дәлелдеуді көздесе, Саясатов белбеуді қайтаруға тырысады.
NAIZA 85 турнирінде UFC-дің бұрынғы спортшысы Азат Мақсұм октагонға қайта оралады. Сондай-ақ қазақстандық ММА ардагері Жұман Жұмабеков те жекпе-жек өткізеді.
Бұдан бөлек, ресейлік блогер Артем Тарасов NAIZA сапындағы алғашқы кездесуін өткізетін қазақстандық Нұрхан Мұбаракпен күш сынасады.
DAZN-мен жасалған келісім NAIZA-ның халықаралық аудиториясын кеңейтіп, қазақстандық спортшылардың жекпе-жектерін әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.