Шавкат Рахмонов Майкл Моралеспен жекпе-жек өткізу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін
Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмоновтың (19-0) жеңіліс көрмеген эквадорлық Майкл Моралеспен (19-0) жекпе-жегі өтпей қалуы мүмкін. Моралес украиналық Ярослав Амосовпен кездесу өткізу туралы келісімшартқа қол қойған.
Бұл туралы «Двоечка ММА» Telegram-арнасының авторы Алексей Авсеньев хабарлаған.
«Моралес Рахмоновпен жұдырықтаспайды. Маған Майклдың Амосовпен жекпе-жекке келісімшартқа қол қойғанын айтты. Кездесу қаңтарда өтеді», – деп жазды дереккөз.
Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Дана Уайт бұл жекпе-жек туралы не деді?
Бұған дейін UFC президенті Дана Уайт Шавкат Рахмонов пен Майкл Моралес арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыру мүмкіндігін жоққа шығармаған еді. Ол ұйымның алдағы уақытта бірнеше қызықты жаңалық жариялайтынын айтқанымен, нақты қарсыластар мен келісімдер туралы мәлімет бермеді.
Майкл Моралес бұған дейін Рахмоновты «дивизионның соңғы бастығы» деп атап, онымен октагонда кездесуге дайын екенін білдірген. Қазақстандық файтер де бұл жекпе-жекке қызығушылық танытқан.
Шавкат Рахмонов қашан октагонға оралады?
Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылғы желтоқсанда UFC 310 турнирінде өткізді. Сол кездесуде ол ирландиялық Иэн Мачадоны төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.
Одан кейін қазақстандық спортшы тізесінен алған жарақатына байланысты ұзақ уақыт бойы жарысқа қатыса алмады. Бұған дейін оның жаттықтырушысы Эдуард Базров Рахмоновтың 2027 жылғы ақпанда жекпе-жекке толық дайын болуы мүмкін екенін айтқан.
Қазіргі уақытта Шавкат Рахмоновтың келесі қарсыласы туралы ресми ақпарат жоқ. Егер Майкл Моралестің Ярослав Амосовпен жекпе-жегі расталса, қазақстандық файтердің октагонға оралуы үшін басқа қарсылас қарастырылуы мүмкін.