Дияр Нұрғожайдың UFC-дегі келесі қарсыласы белгілі болды
Қазақстандық ММА файтері Дияр Нұрғожай 21 қарашада Катарда өтетін UFC Fight Night турнирінде америкалық Алик Лоренцпен кездеседі. Бұл туралы MMA Junkie журналисті Нолан Кинг алғаш болып хабарлады.
Нұрғожайдың кәсіби рекорды – 12 жеңіс, 2 жеңіліс. Алдағы жекпе-жек қазақстандық спортшының UFC ұйымымен жаңа келісімшартқа отырғаннан кейінгі алғашқы кездесуі болмақ.
Дияр соңғы рет 8 тамызда октагонға шығып, қарсыласын нокаутпен жеңген. Осылайша, ол қатарынан екі жеңіске жетті.
Алик Лоренц те, Дияр Нұрғожай секілді, 29 жаста. Америкалық спортшы UFC-ге екінші талпынысынан кейін жолдама алды. Ол 18 тамызда Дана Уайттың үміткерлер сериясында (DWCS) бразилиялық Махамед Алиді нокаутпен жеңді.
Бір жыл бұрын Лоренц осы турнирде Абдул-Рахман Яхьяевке бірінші раундтың 30-секундында жеңілген еді. Қазіргі таңда Яхьяевтің ММА-дегі рекорды – 10 жеңіс, 0 жеңіліс, оның үшеуін UFC-де тіркеген.
Лоренц кәсіби мансабындағы 10 жекпе-жектің бесеуін LFA ұйымында өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның сегіз жеңісінің барлығы мерзімінен бұрын аяқталған: жетеуінде нокаутпен, біреуінде ауырту әдісімен басым түскен. Ол мансабында төрешілер шешімімен жеңіске жетіп көрмеген.
21 қарашада өтетін UFC турнирінде тағы бір қазақстандық спортшы Асу Алмабаев та өнер көрсетеді. Оның қарсыласы – UFC-де титулға таласқан, Bellator және Rizin ұйымдарының бұрынғы чемпионы Киоджи Хоригучи.
Осылайша, Катардағы турнир қазақстандық жанкүйерлер үшін ерекше қызығушылық тудырмақ.