Қазақстан уақытымен сағат 17:00-де басталады
Бүгін, 17 қазанда Өзбекстан астанасы Ташкентте IBA NOMAD 16 халықаралық турнирі өтеді. ММА қолғаптарымен бокс ережесі бойынша ұйымдастырылатын додада қазақстандық файтерлер Жалғас Жұмағұлов пен Мұратбек Қасымбай шаршы алаңға шығады.
Турнирдің алдын ала жекпе-жектері Қазақстан уақытымен сағат 17:00-де басталады. Кездесулерді Nomad Fighting лигасының YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады. Жарыс Ташкенттегі Humo Arena аренасында өтеді.
Қазақстандық файтерлер кімдермен кездеседі?
Турнирдің басты жекпе-жегінде ауыр салмақтағы чемпион Мурад Халидов қазақстандық Бекжан «Аю» Бакировпен кездеседі. Бұл – чемпиондық белбеу сарапқа салынатын реванш. Алғашқы кездесуде төрешілер шешімімен Халидов жеңіске жеткен еді.
Кештің екінші маңызды жекпе-жегінде қазақстандық Ернар «Шторм» Хусаинов ресейлік Валерий «Орёл» Особовпен жартылай жеңіл салмақтағы чемпиондық атақ үшін жұдырықтасады. Бастапқыда Хусаиновтың қарсыласы өзбекстандық Шахобиддин Эгамов болуы керек еді. Алайда оның жарақатына байланысты жекпе-жекке Особов шықпақ.
Қазақстандық жанкүйерлер асыға күткен тағы екі кездесу де негізгі кардқа енген. Жалғас Жұмағұлов ресейлік Асрор Акпарходжаевпен, ал Мұратбек Қасымбай ресейлік Зелимхан Юсуповпен күш сынасады.
Сонымен қатар қазақстандық Дастан Бекен өзбекстандық кәсіпқой боксшы Шохжахон Эргашевпен, Торғынбек «Тор» Әміров ресейлік Искандар Зияевпен кездеседі.
Турнирді қайдан көруге болады?
IBA NOMAD 16 турнирінің алдын ала жекпе-жектері сағат 17:00-де басталады. Тікелей эфирді тегін түрде Nomad Fighting YouTube арнасынан тамашалауға болады.