Ұлан Нұрғали өзбекстандық файтерді 53 секундта жеңіп, жеңісті сериясын жалғастырды
Қазақстандық файтер Ұлан Нұрғали Ташкентте өткен IBA Nomad 16 турнирінде өзбекстандық Бекмұрод Тұрсунбоевпен кездесіп, бірінші раундта нокаутпен жеңіске жетті.
Жеңіл салмақта өткен жекпе-жек ММА қолғаптарымен бокстасу ережесі бойынша ұйымдастырылды. Үш раундқа жоспарланған кездесу ұзаққа созылмады. Нұрғали қарсыласын небәрі 53 секундта нокаутқа түсірді.
Бұл жекпе-жекке дейін қазақстандық спортшы Nomad Fighting лигасында бес рет жеңіске жеткен еді. Ал Бекмұрод Тұрсунбоев промоушендегі алғашқы кездесуін өткізді. Осылайша, Нұрғали лигадағы жеңіс санын алтыға жеткізсе, өзбекстандық файтер дебюттік жекпе-жегінде жеңіліп қалды.
Айта кетейік, Ұлан Нұрғали бұған дейін IBA Nomad лигасының жартылай жеңіл салмақтағы чемпионы атанған.