Қырғызстаннан келген қонақты босатып жіберген
Бұған дейін NAIZA 99 турнирі алдында Қырғызстаннан келген Марсель Нұрланбек (12-0) пен қазақ Әнуарбек Бекембетов (1-1) төбелесіп қалғанын жазған едік. Бүгін қазақ файтері 15 тәулікке қамалды.
«Instagram-дағы видеоны көріп, біреулер арыз жазған. Екеуін Алматының Полиция департаментіне алып кетті. Түсінгенім, Марсельді босатып жіберген. Ал, Әнуарбекті 15 күнге изоляторға жапты», - дейді «Наш Боец» YouTube арнасының авторы.
Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары қазақстандық Әнуарбек Бекембетовтің әрекетін сынға алған болатын. «Кешегі тасқын кезінде алғашқылардың бірі болып көмекке келген қырғыз халқының өкіліне құрмет көрсетудің орнына қол көтергені ұят болды» деп жазды кейбірі.
Ал NAIZA лигасы екі спортшыны жарыстан шеттетуге шешім қабылдады. Лига әлеуметтік желіде ресми мәлімдеме жасап, бұл барлық спортшыға сабақ болады деп мәлімдеді.