
Ол мамырда алғаш рет жеңіске жеткен
Қазақстандық танымал аралас жекпе-жек шебері Бекзат Алмаханның UFC-дегі айқасы өтетін уақыт белгілі болды. Отандық спортшы қазан айында жекпе-жекке шығады. Дегенмен нақты күні белгісіз.
Қазіргі уақытта қазан айында өтетіні нақтыланған екі турнир бар:
UFC 320 — 4 қазан, Лас-Вегас (АҚШ)
UFC Fight Night — 18 қазан, Ванкувер (Канада)
Сондай-ақ қазанда Абу-Дабиде (БАӘ) UFC 321 турнирі өтеді.
Бекзат үшін ең қолайлысы — Абу-Дабиде өтетін турнирге қатысу, бірақ соңғы шешімді UFC қабылдайды.
Тамыз айында Triumph Fight командасы Бекзат Алмаханмен және басқа да спортшылармен бірге Майамидегі American Top Team залында жаттығу жиынын өткізеді. Оларға бапкер Дәнеш Дүңгенбаев жетекшілік етеді.
Бекзат Алмахан (12-2) мамыр айының басында әлемнің үздік лигасында өзінің екінші жекпе-жегін өткізіп, алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Канаданың Монреаль қаласында ұйымдастырылған UFC 315 турнирінде 33 жастағы жергілікті файтер Брэд Катонаны (14-5) жеңді.
Жеңіл салмақтағы үш раундқа есептелген кездесу небәрі 64 секундта аяқталып, 27 жастағы Алмаханның жеңісімен аяқталды. Ол қарсыласын дәл соққымен нокдаунға жіберіп, жекпе-жекті уақытынан бұрын тоқтатуға мәжбүр етті.
Бұл Бекзаттың кәсіби мансабындағы 12-жеңісі болатын, ал UFC-дегі рекорды – 1 жеңіс, 1 жеңіліс.
Айта кетейік, ол 2024 жылдың наурызында UFC-дегі дебютін ресейлік Умар Нурмагомедовке қарсы өткізді. Бекзат төрешілер шешімімен ұтылғанымен, бірінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберіп, ерекше көзге түсті.