
Спортшы орамалдағы қыздарды баяғыдан бері ұнататынын айтты
Аралас жекпе-жек шебері, ел арасында «Найман» лақап атымен танымал Қуат Хамитов жеке өміріне қатысты әлеуметтік желіде жазба жариялап, үйлену туралы ойға жиі келіп жүргенін айтты.
«Соңғы уақытта үйлену туралы ойлап жүрмін. Бірақ айналамдағылар қыздардың бәрі бұзылған дейді (бірақ мен келіспеймін). Сондықтан ендігі үміт хиджабтағы аруларда. Сондай-ақ, орамалдағы қыздарды баяғыдан бері ұнататыным тағы бар», – деп жазды спортшы Instagram парақшасында.
Қоғамда әртүрлі пікір тудырған бұл жазбадан кейін Қуат Хамитов өзін сынға алғандарға жауап беріп, өмірлік ұстанымдары мен тазалығын алға тартты:
«Сен қандай адам болсаң, əйелің де сондай болады дейді ғой – міне, солай. Мен өмірімде алкоголь, темекі, насыбай, тіпті кальян да аузыма салып көрген емеспін. Ешқашан бірде-бір әйелге қол көтермедім, балағаттаған емеспін. Жастайымнан еңбек еттім. Дипломымды өз күшіммен алдым, оқып жүріп жұмыс істедім, спортпен айналыстым. Қазір менде бар нәрсенің бәрі – адал еңбекпен келген дүниелер. 40-қа жуық кәсіби жекпе-жек өткіздім!» - дейді ол.
Айта кетейік, ол бұған дейінгі сұхбаттарында он жылдан бері пәк қыз таба алмай жүргенін ашық айтқан. «Неге біз жаңа әйел алмауымыз керек? Әйел – су жаңа көлік немесе киімнен әлдеқайда қымбат әрі бағалы. Сондықтан адамдарға ұнасын, ұнамасын –бұл мен үшін қалыпты нәрсе», – деп түйіндеген ол.