ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым!

Ислам Махачевтің жартылай орта салмаққа ауысуы қателік деп бағаланды

10.07.2025, 11:08

Ресейлік спортшы жеңіл салмақтағы белбеуден бас тартқан еді

Ислам Махачевтің жартылай орта салмаққа ауысуы қателік деп бағаланды
idman.biz

UFC-дің бұрынғы орта салмақтағы чемпионы және Даңқ залының мүшесі Майкл Биспинг Ислам Махачевтің жартылай орта салмаққа ауысуын қателік деп атады.

Майкл Биспинг өзінің YouTube-тегі подкастында жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпион Ислам Махачевтің салмақ дәрежесін ауыстыруын қате шешім деп санайтынын айтты. Естеріңізде болса, мамыр айында ресейлік спортшы жеңіл салмақтағы белбеуден бас тартып, жартылай орта салмаққа өткен болатын.

«Ислам Махачев үшін жартылай орта салмаққа ауысу – үлкен қателік. Сөздерім тым ауыр болып көрінер, бірақ менің пікірім осы. Дегенмен мен оның шешіміне құрметпен қараймын», – деді Биспинг.

Сарапшылар Махачев жартылай орта салмақта титул үшін жекпе-жекке шығады деп болжам жасап отыр. Бұл белбеудің қазіргі иегері – аустралиялық спортшы Джек Делла Маддалена.

Айта кету керек, жартылай орта салмақта Қазақстаннан шыққан ең үздік аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов та өнер көрсетеді. Бастапқыда UFC чемпионы атағына негізгі үміткер ретінде дәл осы Рахмонов қарастырылған еді. Алайда Ислам Махачевтің жоғары салмаққа ауысқаны белгілі болған соң, жерлесіміздің командасы титулдық жекпе-жектен бас тартуға дайын екенін, алайда алғашқы титулды «Номадпен» өтетін айқаста қорғауды ұсынғанын мәлімдеді.

Майкл Биспинг – Ұлыбританиядан шыққан алғашқы UFC чемпионы. 1979 жылы 28 ақпанда Кипрдің Никосия қаласында дүниеге келген. 8 жасында джиу-джитсумен айналысып, кейінірек кикбоксингті меңгеріп, Ұлыбритания чемпионы атанды. 2004 жылы ММА-де дебют жасап, 2006 жылы The Ultimate Fighter шоуының үшінші маусымында жеңіске жетуі оған UFC-ге жол ашты.

2016 жылы UFC 199 турнирінде Люк Рокхолдты нокаутқа түсіріп, орта салмақта UFC чемпионы атанған тұңғыш британиялық болды. 2013 жылы көзінен ауыр жарақат алды. Дегенмен бір көзі көрмей қалса да, спорттық мансабын жалғастырды.

Биспинг 2017 жылы мансабын аяқтап, UFC комментаторы, актер және подкаст жүргізушісі ретінде жұмыс істей бастады. Ол 39 жекпе-жектің 30-ында жеңіске жетіп, 2019 жылы UFC Даңқ залына енді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам