
Конор Макгрегор UFC-де 2013 жылдан бері өнер көрсетіп келеді
Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ирландиялық спортшы Конор Макгрегордың UFC ростерінен шығарылғаны жайлы ақпарат тарады.
UFC құрамындағы өзгерістерді қадағалайтын екі тәуелсіз аккаунт бір мезетте Макгрегордың тізімнен алынып тасталғанын хабарлаған. UFCRosterWatch:
«Иә, Конор әлі де UFC Stat сайтында тұр. Бірақ менің лог-файлым ешқашан қателескен емес – ол «жойылған спортшы» ретінде белгіленген», – деп жазды.
Алайда бұл деректі UFC де, Макгрегордың өзі де ресми түрде растаған жоқ. Сөйте тұра UFCRosterWatch бұған дейін жариялаған мәліметтерінің басым бөлігі расталатын.
Көп ұзамай танымал спорт журналисі Ариэль Хельвани бұл қауесетті жоққа шығарды. Оның айтуынша, Макгрегордің өзі барлық допинг сынақтарынан өткенін және октагонға қайта оралуға дайын екенін мәлімдеген.
«Конор UFC-ден кеткен жоқ. Бұл ақпаратты өзі де, оның командасы да растады. Тексеру нәтижелері таза, ол дайын», – деді Хельвани.
Айта кетейік, UFC ростерінен шығарылу дегеніміз келісімшарттың аяқталғанын білдіреді. Бірақ жауынгерлер лигаға қайта оралып жататын кездер де бар.
Конор Макгрегор UFC-де 2013 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. 2016 жылы ол ұйым тарихында алғаш рет екі салмақ дәрежесінде чемпион атанған.
Ирландиялық соңғы жекпе-жегін 2021 жылы Дастин Порьемен өткізіп, бірінші раундта ауыр жарақат алып, техникалық жеңіліске ұшыраған.