
Хамзат Чимаев орта салмақтағы чемпиондық белбеуді иеленген еді
Орта салмақта UFC чемпионы, БАӘ өкілі Хамзат Чимаев салмақ дәрежесін ауыстыруға қатысты сауалға жауап берді.
ESPN MMA порталына берген сұхбатында орта салмақтағы су жаңа чемпион Хамзат Чимаев промоушен басшысы Дана Уайт не десе, сол болатынын айтты. Спортшы «маған жақсы ақша төлесе болды» деп отыр.
- Екінші белбеуге иелік ету үшін жартылай ауыр салмаққа ауысасың ба, әлде жартылай орта салмаққа түсесің бе?
«Білмеймін, маған бәрібір, оның маңызы жоқ. Дана Уайт не десе сол болады. Қай жерде көбірек төлесе, сол жерге барамын. Ақшаны жақсы көремін», - деді Чимев.
Еске сала кетейік, 17 тамызға қараған түні Хамзат Чимаев АҚШ-тың Иллинойс штатына қарасты Чикаго қаласында орналасқан United Center аренасында өткен UFC 319 турнирінде оңтүстікафрикалық Дрикус дю Плесспен кездесіп, орта салмақтағы чемпиондық белбеуді тартып алды.
Бұл жекпе-жекте 5 раунд ішінде қарсыласына 529 соққы жасаған Чимаев UFC тарихында абсолютті рекорд орнатты.
Айта кетейік, жартылай орта салмақта Қазақстанның ең үздік аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов өнер көрсетіп жүр. Қазіргі уақытта ол өз салмақ дәрежесінде рейтингтің үшінші сатысында тұр.