
Шавкат Рахмоновтың (19-0) алдағы жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді
DAR Team командасының бапкері Эдуард Базров UFC-дің жартылай орта салмақтағы жұлдызы қазақстандық Шавкат Рахмоновтың (19-0) алдағы жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді.
«Келесі жекпе-жек жайында нақты ештеңе айта алмаймыз. Әрине, Шавкаттың октагонға биыл шыққанын қалап едік, бірақ оның қазіргі жағдайынан өздеріңіз де хабардарсыздар. Дәл қазір нақты бірдеңе айту қиын. Қазір дайындық үстіндеміз, күніне бір рет жаттығу жасаймыз. Бірақ айқасқа қатысты нақты жауап жоқ», - деді Базров Betonmobile-ге берген сұхбатында.
Сондай-ақ бапкер «Қазақстандық спортшы ресейлік үміткер Ислам Махачев (27-1) пен дивизион чемпионы аустралиялық Джек Делла Маддалена (18-2) арасындағы титулдық кездесуде қосалқы спортшы болуға дайын ба?» деген сауалға жауап берді.
«Ислам Махачев пен Джек Маддаленаның титулдық жекпе-жегіне қосалқы спортшы ретінде шығуымыз екіталай. Бұл ұсынысқа келіспейтін шығармыз. Белгілі бір мәселелер бар және оны бәрі біледі. Әзірге біздің жағдай осындай», - деп қосты Базров.
Айта кетейік, 27 шілде күні Шавкат Рахмоновтың жары мен ұлы Алматы – Екатеринбург тас жолында жол апатына ұшырады. Toyota Land Cruiser 200 автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалып, көлік аударылып кеткен. Салдарынан екі әйел көз жұмды.
Белгілі спортшының әйелі мен ұлы ауруханаға жеткізіліп, олардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланған болатын.