Шахматшы қыз "Барыс" орденімен марапатталады.
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева блиц шахматтан әлемнің үш дүркін чемпионы атанды.
Рапид және блиц шахматтан әлем чемпионаты Қатар астанасы Доха қаласында өтіп жатыр. Блиц шахмат бәсекесіне әлемнің түкпір-түкпірінен 140 спортшы қатысып, жарыс 15 турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша ұйымдастырылды.
Тартысты өткен сында Бибісара Асаубаева 11 ұпай жинап, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда отандасымыз Қытай өкілі, блиц шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері Чжу Цзиньэрді айқын басымдықпен жеңді - 3:0.
Финалдық партияда Бибісара блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Анна Музычуктен 2,5:1,5 есебімен басым түсіп, алтын медаль иеленді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваны айтулы жеңісімен құттықтады.
– Бибісара Асаубаева Қазақстаннан шыққан блицтен үш дүркін әлем чемпионы және майталман шебер ретінде дүниежүзілік шахмат тарихына енді.
Қазақстандық шахмат қауымдастығы мемлекетіміздің көк туын жаһандық аренада биік желбіреткен отандасымыздың жеңісін мақтан тұтады.
Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстардағы айтулы жетістіктері мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым, – делінген құттықтауда.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева бұған дейін 2021 және 2022 жылдары блиц шахматтан әлем чемпионы атанған болатын. Осылайша, ол бұл беделді атақты үш рет жеңіп алған санаулы шахматшылардың қатарына қосылды.
2012 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан әйелдер арасындағы блиц шахматтан әлем чемпионаттары тарихында үш дүркін әлем чемпионы атағына тек Екатерина Лагно мен Бибісара Асаубаева ғана қол жеткізген.