Рыпакова бұл қызметті 2024 жылдың желтоқсанынан бері атқарып келген. й
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясында кадрлық өзгеріс болды. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова федерация президенті қызметінен кетіп, оның орнына «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Асхат Хасенов жауапты сайланды.
Бұл ақпаратты федерацияға жақын дереккөздер растады. Ал Ольга Рыпаковарың өзі Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында алысқа кетпейтінін айтып, федерацияда қалатынын алға тартты.
Айта кетейік, Ольга Рыпакова лауазымды қызметке 2024 жылдың желтоқсан айында сайланған еді. Сол кезде федерацияның қорытынды отырысында Даниал Ахметов ұйым басшысы ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, өз орнына даңқты спортшының кандидатурасын ұсынған болатын. Жиынға қатысқан өңірлік федерация жетекшілері бұл ұсынысты бірауыздан қолдаған.
Ольга Рыпакова – Қазақстан спорты тарихындағы ең табысты атлеттердің бірі. Ол спорттық мансабында үш рет Олимпиада жүлдегері атанды (Бейжің-2008 – күміс медаль, Лондон-2012 – алтын медаль, Рио-де-Жанейро-2016 – қола медаль).
Ал федерацияның жаңа басшысы болып тағайындалған Асхат Хасенов 1983 жылғы 13 қазанда дүниеге келген. Ол Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау» мамандығы бойынша, сондай-ақ Халықаралық бизнес университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Ол «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалғанға дейін (2022-2024 жылдары) энергетика вице-министрі қызметін атқарып, жер қойнауын пайдалану, мұнай-газ химиясын дамыту мәселелеріне жетекшілік еткен.