Төбелеске 30-ға жуық адам қатысқан
Ресейдің Грозный қаласында еркін күрестен 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен Солтүстік Кавказ федералдық округінің біріншілігінде жаппай төбелес болды. Қақтығыс спортшылар арасында басталып, кейін көрермендер мен жарысқа қатысушылардың араласуымен ушығып кеткен.
Оқиға турнирдің соңғы күні тіркелді. Солтүстік Осетия – Алания өкілі Давид Ваниев пен шешен балуаны Турпал Алхоев арасындағы белдесу аяқталғаннан кейін дау шыққан.
Төрешілер жеңісті Ваниевке берген соң, екі спортшы сөзге келіп, ол бірден төбелеске ұласқан. Арада көп уақыт өтпей жанжалға залдағы жанкүйерлер де араласып, жағдай бақылаудан шықты.
«ЧП Владикавказ» telegram-арнасының мәліметінше, жаппай төбелеске шамамен 30-ға жуық адам қатысқан.