Нұрсұлтан Құрман, Ермұхамед Мәулен және Олжас Байбосын! Жаңа ЖБ Шоу!

АҚШ-тың Венесуэлаға әскери операциясы: америкалық спортшылар Олимпиададан шеттетіле ме?

Бүгін, 21:22

ХОК бұл жайтқа қатысты пікір білдірді.

АҚШ-тың Венесуэлаға әскери операциясы: америкалық спортшылар Олимпиададан шеттетіле ме?
ҚР ҰОК

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) АҚШ-тың Венесуэладағы әскери операциясына байланысты америкалық спортшылардың халықаралық жарыстарға, соның ішінде 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысуына тыйым салынуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.

ХОК өкілдеріне: «Венесуэладағы жағдайдан кейін америкалық спортшыларды шеттету мәселесі қарастырыла ма?» деген сауал қойылды.

Комитет өз жауабында Олимпиадалық қозғалыстың басты ұстанымына тоқталған:

«Қақтығыстар мен алауыздықтарға толы қазіргі әлемде ХОК спорт үміт шамшырағы болып қалуы тиіс деп санайды. Спорт – бүкіл адамзатты бейбіт бәсекеде біріктіретін күш. Бұл Олимпиадалық қозғалыстың өзегінде жатқан қағида және олимпизмнің іргелі принциптерінен туындайды. Бұл ұстаным ХОК Атқарушы кеңесінің 2025 жылғы қыркүйектегі отырысында да қайта бекітілді», – делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ ХОК қазіргі геосаяси ахуалды ескеруге мәжбүр екенін атап өтті, алайда саясат пен спортты араластырмау қағидасын берік ұстанатынын жеткізді:

«Әр Олимпиада ойындары қарсаңында біз әлемдегі саяси жағдайды және соңғы оқиғаларды ескереміз. Бірақ ХОК саяси қақтығыстарға тікелей араласа алмайды – бұл біздің құзыретімізге кірмейді. Ол – саясат саласы. Ал біздің басты міндетіміз – спортшыларға шыққан тегіне қарамастан Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігін беру », – деп мәлімдеді комитет.

ХОК өкілдерінің айтуынша, спортшыларды біріктіру, олардың азаматтығы мен елінің саяси ұстанымына қарамастан жарысқа жол ашу – құндылықтарға негізделген жаһандық спорттың болашағы үшін шешуші фактор.

Айта кетейік, 2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам