Кәмила Берліқаш былтыр қараша айында Семейде күміс алған
Дзюдодан ҚР ұлттық әйелдер құрамасының балуаны Кәмила Берліқаш бір жарым жылдық декреттік демалыстан кейін оқу-жаттығу жиындарына шақырылды. Бұл туралы белгілі спортшы әлеуметік желіде жазба жариялады.
Париж Олимпиадасынан кейін әскерилер арасында әлем чемпионатында қола жүлде иеленген спортшы бір жылға жуық демалыс алған болатын. Араға уақыт салып талдықорғандық дзюдо шебері жолдасы Ислам Тоқтасынмен бірге қызды болғанын жариялады.
«Бір жарым жылдық декреттік демалыстан кейінгі алғашқы оқу-жаттығу жиыны. Қызым әкесінің қасында, ол шаршамайды», - деп жазды Кәмила Берліқаш.
Кәмила Берліқаш былтыр қараша айында Семейде өткен ҚР чемпионатында +78 келіде күміс жүлдегер атанған. Декреттік демасынының соңғы жағында ол жаттығуға кіріскенін, ел біріншілігіне дайындалып жүргенін мәлімдеген.
Айта кететін жайт, Кәмила Берліқаш әр жылдары Абу-Даби және Ұлан Батыр Гранд слэм турнирлерінде күміс және қола жүлдеге қол жеткізді.