Бұған дейнің оның еркін бағдарламада киген киімі де көпшіліктің назарын аударған.
Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров еркін бағдарламада өнер көрсеткенде киген костюмді отандық дизайнерлер дайындағаны белгілі болды.
Бұл туралы Visa Fashion Week Almaty ресми парақшасында хабарлады. Аталған киім — Next Designer Award – Empowered by Visa байқауының финалисі Ақмарал Жарасқызы мен дизайнер Акен Жаксабаевтың бірлескен еңбегінің нәтижесі.
«Михаил Шайдоровтың жеңіс жолындағы костюмі Ақмарал Жарасқызы мен Акен Жаксабаевтың шығармашылық тандемі арқылы өмірге келді. Осындай кәсіби әрі шабыт сыйлайтын жобаларға атсалысу біз үшін үлкен мәртебе. Чемпионды жеңісімен құттықтаймыз, алда бұдан да биік белестер тілейміз», - делінген жазбада.
Бұған дейін Vogue Italia журналының онлайн-нұсқасы Шайдоровтың Олимпиададағы қысқа бағдарламада киген костюмін ерекше дизайнымен атап өткен еді. Авторлар тек киім пішініне ғана емес, аксессуарларына да айрықша назар аударған.
«Қазақстан құрамасының өкілі Михаил Шайдоров көрерменді «Дюна» фильміндегі Тимоти Шаламе бейнесін еске салатын образымен таңғалдырды. Матаның драпировкасы мен градиентті элементтері костюмнің өзге бөліктерімен үйлесіп, Дени Вильнёв фильмдеріне тән футуристік эстетикаға ишара етеді», - деп жазады басылым.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық спортшылардың Олимпиадада киген киімі қоғамда қызу талқыланып, сынға да ұшыраған болатын. Кейбір жанкүйерлер оны «базардан алынғандай» деп бағалаған еді.