Кейбір қолданушылар оның ресейлік спортшыға жоғары ұпай беріп, ал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушыларға сын көзбен қарағанын жазуда.
Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарындағы мәнерлеп сырғанау жарысындағы қазақстандық төрешінің әрекеті сынға ұшырады.
Жарыс қорытындысы мен төрешілердің бағасы спорт жанкүйерлері арасында қызу талқылануда.
Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Аделия Петросян еркін бағдарламада 141,64 ұпай жинады. Екі бағдарлама қорытындысы бойынша оның жиынтық ұпайы 214,53-ке жетіп, спортшы төрт жылдықтың басты додасын алтыншы орынмен аяқтады.
Айта кетейік, Петросян еркін бағдарламаның басында төрт айналым тулупты орындау кезінде құлап, бұл оның жалпы нәтижесіне айтарлықтай әсер етті.
Қазақстандық төрешінің бағасы
Қазақстандық төреші Надежда Парецкая ресейлік спортшыға ең жоғары баға берген жалғыз қазы болды. Ол Петросянның еркін бағдарламасын 147,04 ұпайға бағалап, үздік нәтиже деп таныды.
Ал ең төменгі бағаны Ұлыбритания өкілі Ричард Грейндж қойды – 136,90 ұпай (оның хаттамасында бұл оныншы орынға сәйкес келді).

Әлеуметтік желілерде жанкүйерлер Парецкаяның бағалауына қатысты түрлі пікір білдіруде. Кейбір қолданушылар оның ресейлік спортшыға жоғары ұпай беріп, ал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушыларға сын көзбен қарағанын жазуда.
Олимпиада чемпионы атанған – америкалық Алиса Лю (226,79 ұпай).
Күміс жүлдені жапониялық Каори Сакамото (224,90) иеленді.
Қола медаль тағы бір жапон спортшысы Ами Накаиға (219,16) бұйырды.
Жанкүйерлердің айтуынша, қазақстандық Софья Самоделкинаға қойылған бағалар төмендетілген, нәтижесінде ол жарысты оныншы орынмен аяқтаған. Сондай-ақ ерлер арасындағы бәсекеде Михаил Шайдоровқа қысқа бағдарламада жетінші орын берілгені талқыға түсті. Бұл оның еркін бағдарламада тәуекелге барып, бес төрттік секіру жасап, сирек кездесетін комбинация – үштік аксель, Эйлер және төрттік Сальховты орындады. Шайдоров алтын медаль жеңіп алып, Олимпиада чемпионы атанды.
Әлеуметтік желілерде кейбір қолданушылар Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінен ресми түсініктеме талап етуде. Сонымен қатар, не себепті Олимпиадаға төреші ретінде 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Турсынбаева жіберілмегені жөнінде де сұрақтар туындады.
Милан Олимпиадасындағы төрешілер шешімі мәнерлеп сырғанауда кезекті дауға себеп болды. Қазақстандық төрешінің бағасы жанкүйерлер арасында қызу пікірталас тудырып отыр. Ал ресми органдар тарапынан әзірге нақты түсініктеме берілген жоқ.