Италиядағы Олимпиада жаңа рекордтарымен есте қалды
Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында ең көп алтын медаль иеленген спортшылардың тізімі жарияланды.
Төртжылдықтың басты ойындарында норвегиялық шаңғышы Йоханнес Клебо алты алтын медаль жеңіп алып, қысқы Олимпиада тарихындағы абсолюттік рекорд орнатты. Бұған дейін бірде-бір спортшы бір Олимпиадада мұндай көрсеткішке жетпеген еді. Осы жетістігінің арқасында Клебо 11 дүркін Олимпиада чемпионы атанып отыр.
Айта кететіні жайт, Клебо жеке мемлекет ретінде медаль кестесіне енгізілсе, алтын алтымен ол Швейцария құрамасымен бірге сегізінші орынға жайғасқан болар еді. Клебо шаңғы жарысының алты дисциплинасында топ жарды. Оның ішінде жеке старттағы жарыс, скиатлон, жеке спринт, командалық спринт, 50 км классикалық стильдегі жалпы старт, 50 км классикалық марафон.
Бұдан бөлек, 3 алтыннан жеңіп алған спортшылар қатарына Жюлья Симон (биатлон, Франция), Кентен Фийон-Майе (биатлон, Франция) және Мелле ван 'т Ваут (шорт-трек, Нидерланд), Йенс Офтебру (шаңғы қоссайысы, Норвегия), Франьо фон Алльмен (тау шаңғысы, Швейцария) енді.
Осылайша Италияда аяқталған Олимпиада ойындары жаңа рекордтар мен жарқын жеңістермен есте қалды. Әсіресе, Йоханнес Клебоның тарихи нәтижесі бұл Қысқы ойындардың басты жаңалығы ретінде ұзаққа созылатын рекордқа айналуы мүмкін.
Бұған дейін Жазғы Олимпиада ойындарында америкалық Майкл Фелпс Бейжің Олимпиадасына су спортынан 8 дүркін Олимпиада чемпионы атанған еді.