Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Странджа кубогы»: Мұхамедсабыр Базарбайұлы әлем чемпионын жарыстан шығарды

24.02.2026, 10:38

Алғашқы жарыс күнінде қазақстандық боксшылар 10 жекпе-жек өткізіп, 5 жеңіс пен 5 жеңіліске қол жеткізді.

«Странджа кубогы»: Мұхамедсабыр Базарбайұлы әлем чемпионын жарыстан шығарды
ҰОК

23 ақпанда Болгария астанасы София қаласында бокстан дәстүрлі «Странджа кубогы» турнирі басталды. Еуропадағы ең көне жарыс саналатын бұл дода бейресми түрде «кіші әлем чемпионаты» деп аталады. Биыл турнирге Қазақстан құрамасы 39 боксшымен (20 ер, 19 әйел) қатысып жатыр. Кейбір салмақ дәрежелерінде ел намысын үш спортшыдан қорғауда.

Алғашқы жарыс күнінде қазақстандық боксшылар 10 жекпе-жек өткізіп, 5 жеңіс пен 5 жеңіліске қол жеткізді.

50 келіге дейінгі салмақта 1/16 финалда Бекзат Алдамжаров өзбекстандық Асылбек Жалиловке 0:5 есебімен жол берді.

55 келіге дейінгі салмақта Баглан Кенжебек әзербайжандық Ниджат Гусейновті 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Осы салмақта Тимур Кабдешов ирландиялық Пэтси Джойсты сенімді түрде ұтып, басты сенсациялардың бірін тіркеді. Ол қарсыласын үш раунд бойы айқын басымдықпен жеңіп, келесі кезеңге өтті.

60 келіге дейінгі салмақта Руслан Кузеубаев америкалық Салим Еллис Бейге 2:3 есебімен есе жіберді. Ал Бейбарыс Жексен моңғолиялық Лундаа Гантумурдан 1:4 есебімен жеңіліп, жарысты аяқтады.

70 келіге дейінгі салмақта Фарух Токтасынов австриялық Арсен Чабаянды сенімді түрде жеңіп, келесі айналымға шықты. Бұл салмақта Мұхамедсабыр Базарбайұлы да сәтті өнер көрсетті. Ол жастар арасындағы әлем чемпионы Абдулазиз Журакуловты 5:0 есебімен ұтып, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Айта кетейік, Мұхамедсабыр 2024 жылғы Париж Олимпиадасында ширек финалға дейін жеткен.

80 келіге дейінгі салмақта Диас Молжігітов америкалық Робби Гонсалеске 1:4 есебімен жол берді. Ал Санжарәли Бегалиев бразилиялық Кауэ дос Сантос Белиниден 0:5 есебімен жеңілді. Бұған дейін Санжарәли 2025 жылы Бангкокте өткен U-22 Азия чемпионатында топ жарған, сондай-ақ 2024 жылы Будвада жастар арасындағы әлем чемпионы атанған еді.

90 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалда Нурмагамед Юсупов Уэльс өкілі Коннор Уильямспен қолғап түйістірді. Алғашқы раунд қарсылас пайдасына аяқталғанымен, қазақстандық боксшы кейінгі екі раундта басымдық танытып, жекпе-жекті өз пайдасына шешті.

Айта кетейік, «Странджа кубогы» 23 ақпан мен 2 наурыз аралығында өтеді. Турнир ерлер мен әйелдер арасында ұйымдастырылады. Қазақстан құрамасы алдағы күндері де жүлде жолындағы күресін жалғастырады.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам