Станислав Шайдоров бұл жаңалықты алғаш естігенде сенбегенін айтты.
Халықаралық InDrive сервисінің негізін қалаушы әрі бас директоры Арсен Томский Олимпиада чемпионы, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың әкесі Станислав Шайдоровқа Audi Q8 автокөлігін сыйға тартты.
Кәсіпкер бұл шешімі туралы 13 ақпанда Threads әлеуметтік желісінде хабарлады. Дәл осы күні Миланда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында Михаил Шайдоров тарихи жеңіске жетіп, алтын медаль иеленген болатын.
«Мен Audi Q8 көлігін Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың әкесі, алғашқы жаттықтырушысы және осы жеңістің бастауында тұрған Станислав Шайдоровқа сыйладым. Михаилдің өнер көрсетуі – Қазақстанды ғана емес, әлемді тәнті еткен тарихи сәт. Бірақ бұл жеңістің артында жылдар бойғы еңбек, тәртіп пен құрбандық жатыр», – деп жазды Арсен Томский.
Станислав Шайдоров – бұрын кәсіби мәнерлеп сырғанаушы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы және Михаилдің алғашқы бапкері. 2018 жылы ол ұлының спорттық жолын жалғастыруы үшін өз автокөлігін сатып жіберген.
Түскен қаражат Михаилдің Сочиге қоныс аударып, Олимпиада чемпионы Алексей Урмановтың жетекшілігімен жаттығуын жалғастыруына мүмкіндік берді.
Бұл шешім өз нәтижесін берді:
2022 жылы Михаил жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды;
кейін ересектер арасындағы жарыстарда сәтті өнер көрсетті;
ал 2026 жылы Олимпиада чемпионы атанды.
Көлікті табыстау рәсімі Audi автосалонында өтті. Арсен Томский кроссоверді өз қаражатына сатып алғанын айтты. Оның сөзінше, бренд логотипінің Олимпиада символикасына ұқсастығы да таңдау жасауына әсер еткен.
«Бұл оқиға мені қатты толқытты. Мен де өмірімде екі рет көлігімді сатуға мәжбүр болдым – бірінде қызметкерлерге жалақы төлеу үшін, екіншісінде Якутия құрамасының киберспорт чемпионатына баруына көмектесу үшін. Станиславтың әрекеті – арман жолында құрбандыққа барудың символы. Ал нағыз әділдік – сол құрбандықтың үлкен жеңіспен ақталуы», – деді кәсіпкер.
Станислав Шайдоров бұл жаңалықты алғаш естігенде сенбегенін айтты.
«Мұндай сыйлықты армандаған да емеспін. Басында не болып жатқанын толық түсінбедім. Кейін барып оның қаншалықты үлкен құрмет екенін сезіндім. Ұлыма, Құдайға және бізге жанкүйер болған барша жанға алғыс айтамын», – деді ол.
Еске салайық, Арсен Томский 14 ақпанда Instagram парақшасында Станислав Шайдоровқа автокөлік сыйлайтынын мәлімдеген еді.