Алексей Урманов журналистермен кездесуге келмеген.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов «Михаил Шайдоров бапкері Алексей Урмановпен ынтымақтастықты тоқтатуы мүмкін» деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол «Қазақпаратқа» берген сұхбатында айтты.
Басылым мәліметінше, Италиядан оралғаннан кейін Михаил Шайдоровтың жаттықтырушысы Алексей Урманов журналистермен өткен баспасөз мәслихатына қатыспаған. Осыған байланысты БАҚ өкілдері спортшының бапкеріне қатысты мәселені министр Ербол Мырзабосыновтан сұрады.
Журналистердің бірі:
«Миша Урмановпен жұмысын тоқтатуы мүмкін деген ақпарат бар. Бұл қаншалықты дұрыс шешім деп ойлайсыз?» – деп сұрақ қойды.
Министр бұл жайттан бейхабар екенін алға тартып, шешімді спортшының командасы қабылдайтынын атап өтті.
«Мен жаттықтырушыға қатысты жағдайдан хабардар емеспін. Біздің Олимпиада чемпионымыз бар, ол үлкен жетістікке жетті. Ал бапкер мәселесіне келсек, оны команда өзі таңдауы керек. Алексей Евгеньевич Урманов – 1994 жылғы Олимпиада чемпионы. Ол 1994 жылдың 13 ақпанында Олимпиадада жеңіске жеткен спортшы. Командасымен бірге шәкіртінің жеңісін көрген тәжірибелі маман. Сондықтан бұл – спортшымыздың командасының таңдауы. Бұл мәселеге қатысты менде нақты ақпарат жоқ», – деді Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, 25 ақпанға ауған түні елордада 2026 жылғы Олимпиада ойындарында чемпион атанған қазақстандық спортшы Михаил Шайдоровты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.