Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Өзгенің жетістігіне жармасуды қою керек»: журналист министрге неге шүйлікті

25.02.2026, 11:36

Журналист министрдің әлі де біраз мәселеге ашық жауап бермегенін алға тартты. 

«Өзгенің жетістігіне жармасуды қою керек»: журналист министрге неге шүйлікті
Turizm_jane_sport_ministrligi

Туризм және спорт министрлігінің Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың 2025 жылға арналған дайындық шығындары мен жалақысына қатысты ақпаратты жариялауы қоғамда әлі де қызу талқыланып жатыр. Көпшілік ведомствоның бұл деректі не себепті ашық түрде таратқанын түсінбей отыр.

Осыған байланысты журналист Николай Энелане туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың ұстанымын сынға алды. Оның айтуынша, министр журналистердің сауалына нақты әрі қисынды жауап бермеген.

«Министр Мырзабосынов журналистерге шенеуніктердің 2025 жылы Михаил Шайдоровты дайындауға жұмсалған бюджет шығынын не үшін жариялағанын нақты түсіндіріп бере алған жоқ. Бұл қадамы арқылы қазіргі министр өзіне дейінгі шенеуніктердің қателіктеріне қатысы жоқ екенін көрсеткісі келді ме? Бірақ ол онсыз да түсінікті емес пе еді? Ал Италияға бюджет есебінен барған спорт журналистері не үшін министрді қолдап жазба жариялап жатыр? Мұның бәрі жағдайды одан әрі ушықтыратынын түсінбей ме сонда?» – деп жазды Энелане.

Журналист сондай-ақ министрдің бюджет ашықтығы туралы мәлімдемелеріне қарамастан, бірқатар маңызды сұрақ әлі де жауапсыз қалғанын атап өтті.

«Бюджет ашықтығын жария түрде айтып жүрген министр Миланға қанша шенеуніктің барғанын, олардың қай қонақүйлерде тұрғанын, әр тәулікке қанша ақы алғанын және министрліктің бейнероликтерін түсіруге қанша қаражат жұмсалғанын айтпады», – дейді ол.

Энеланенің пікірінше, министрлік коммуникациялық тұрғыда бірқатар қателікке жол берген.

«Олимпиада-2026 формасына қатысты шешім қоғамның наразылығын туғызды. Чемпионмен байланысты жағдай да жұртшылықтың көпшіліктің сынына ұшырады. Министрдің Олимпиадаға барғаны туралы есепсіз роликтер жариялау да артық қадам болды. Мұндайды алғашқы күндері-ақ тоқтату керек еді. Нарықтағы кәсіби мамандар бір қателіктен шыға алмай жатып, екіншісіне ұрынып жатқан сол пиаршылардың жұмысына баға берсе екен деймін. Он балдық жүйемен қанша ұпай берер едіңіздер?» – деп жазады журналист.

Ол сондай-ақ кадрлық шешім қабылдайтын тұлғаларға үндеу жасап, басқарушылардың өзгенің жетістігіне ортақтасып, оны жеке еңбегіне айналдыру үрдісін тоқтату керек деп санайды.

«Егер бұл жазбаны елімізде кадрлық шешім қабылдайтын адамдар оқыса, тиісті қорытынды жасайды деп үміттенемін. Өзгенің жетістігіне жармасып, соны өз еңбегіндей көрсету дәуірі артта қалуы керек. Спортшылардың арқасында қойылым ұйымдастыру қашанға дейін жалғаса береді?» – дейді Энелане.

Журналистің пікірінше, тарихи алтын жүйелі реформаның нәтижесі емес, ең алдымен спортшы мен оның командасының ерен еңбегінің жемісі.

«Қысқы Олимпиададағы 32 жылдан кейінгі алғашқы алтын бұл жүйелі өзгерістің жемісі емес. Бұл – сенсация және спортшы мен оның командасының еңбегі. Ол қазіргі жағдайды жақсартуға мүмкіндік беруі мүмкін, бірақ оны министрдің жетістігі ретінде көрсету дұрыс емес. Ол сонда не істеді? Италияға барып келді ме?» – деп жазады ол.

Энелане спорт саласының басшылары Олимпиададағы қысқы спорт инфрақұрылымын өз көзімен көрген соң, елге оралып, нақты істерге кірісуі тиіс екенін атап өтті.

«Олимпиададағы қысқы спорт инфрақұрылымын көзімен көрген адам елге бірінші рейспен оралып, сондай жобаларды өз елімізде жүзеге асыру үшін қаржы іздеуі керек. Сараптамалық жұмыс жүргізіп, демеушілер тартуы қажет, мемлекет басшысына барып, алдағы қысқы Азия ойындарын абыроймен өткізу үшін нақты жоспар ұсынуы тиіс. Егер Миша болмағанда не істер едік? Сонда салтанатты есептерді немен толтырар едік?» – деп түйіндеді журналист.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 1
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам