Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

13 млрд теңгенің жыры: министрліктің жауабы тағы өзгерді

26.02.2026, 11:27

Бір медальдің құны – 13 млрд теңге

13 млрд теңгенің жыры: министрліктің жауабы тағы өзгерді
Фото: instagram.com/aiza_mambekova

Михаил Шайдоровтың Олимпиада-2026 ойындарындағы жеңісінен кейін Туризм және спорт министрлігі мәнерлеп сырғанаушыны дайындауға жұмсалған бюджет шығындары туралы мәлімет жариялады. Бұл ақпарат қоғамда кең резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде қызу талқыланды.

Чемпионды әуежайдан қарсы алғаннан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ведомство спортшыларды қаржыландыруға қатысты деректерді жасырмайтынын айтты.

«Біздің барлық спортшылар келісімшартқа сәйкес жалақы алады, бұл сомалар ашық. Мүмкін осы жағдайда назар Михаил Шайдоровтың жалақысына ерекше аударылған болар. Бірақ бізде қоғамнан да, бұқаралық ақпарат құралдарынан да жасырын ақпарат жоқ. Бұл сандар бұрыннан қолжетімді», – деді министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы қысқы Олимпиада ойындарына 13 млрд теңге жұмсалды деген ақпараттың қалай пайда болғанын түсіндірді.

«13 млрд теңге тек Олимпиадаға дайындыққа ғана бағытталған жоқ. Бұл қаражат еліміздің 20 өңірінде балалардың қысқы спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысуына жұмсалды. Қазір бұл мәселе басқаша форматта ұсынылып жатыр: яғни «бір медальдің құны – 13 млрд теңге» деген секілді. Алайда мұндай тұжырымдар толық ақпаратты түсінбей жасалып отыр», – деді Ербол Мырзабосынов.

Министрдің айтуынша, аталған қаржы – қысқы спорт түрлерінің болашағына салынған инвестиция.

«Спортпен шұғылданатындардың арасынан небәрі 1-2 пайызы ғана Михаил Шайдоров сияқты Олимпиада шыңына көтеріледі», – деп атап өтті ол.

Ал былтырғы жылдың 30 желтоқсанында министр үкімет отырысында былай деген болатын:

«Ойындарға сапалы дайындалу үшін ұлттық қысқы спорт түрлері командалары 178 оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Сондай-ақ біздің спортшылар 125 халықаралық жарысқа қатысты. Қаржы көлемінің жалпы сомасы - 13,3 миллиард теңге», – деді Ербол Мырзабосынов сол кездегі үкімет отырысында.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 1
Күлкілі 1
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам