Олимпиададағы бағалау жүйесіне қатысты пікірталас әлі де жалғасуда.
Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарындағы мәнерлеп сырғанау бәсекесінен кейін туындаған дау бойынша Халықаралық конькишілер одағы (ISU) ресми ұстанымын жариялады.
Халықаралық конькишілер одағы – International Skating Union (ISU) – қазақстандық төреші Надежда Парецкая жұмысына жоғары баға берді.
Қазақстан мәнерлеп сырғанау федерациясына жолданған ресми хатта:
«Сіздің төрешілігіңіз ISU ережелеріне толық сәйкес келді, бейтарап және ұлттық көзқарастан ада болды. ISU спорттың адалдығын сақтау үшін дәл осындай ұстанымды талап етеді», – делінген.
Сондай-ақ ұйым қазақстандық төрешіге қатысты бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам тарапынан жасалған қысым әрекеттерін қатаң айыптады.
Еске салайық, әйелдер арасындағы жарыста ресейлік спортшы Аделия Петросян еркін бағдарламада 141,64 ұпай жинап, жалпы есепте 214,53 ұпаймен алтыншы орын алған еді. Бағдарлама басында төрттік тулуп орындау кезінде құлағанына қарамастан, Надежда Парецкая оған 147,04 ұпай беріп, ең жоғары бағалаған жалғыз төреші болды. Ал ең төменгі ұпайды Ұлыбритания өкілі Ричард Грейндж – 136,90 балл ретінде қойған. Осы айырмашылық әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды.
Бұл жарыста америкалық Алиса Лю 226,79 ұпаймен Олимпиада чемпионы атанса, жапониялық Каори Сакамото күміс жүлдеге (224,90), ал тағы бір жапон спортшысы Ами Накаи қола медальға (219,16) ие болды.
Қазақстандық спортшылардың нәтижесі де талқыға түсті. Жанкүйерлер Софья Самоделкинаға қойылған бағалар төмендетілген деп есептейді. Ол жарысты оныншы орынмен аяқтады. Ал ерлер арасында Михаил Шайдоров қысқа бағдарламада жетінші орын алғанымен, еркін бағдарламада бес төрттік секіру орындап, сирек кездесетін комбинация жасап, нәтижесінде Олимпиада чемпионы атанды.
Әлеуметтік желілерде кейбір қолданушылар Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінен ресми түсініктеме талап етуде. Сонымен қатар, 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Турсынбаева не себепті Олимпиадаға төреші ретінде жіберілмегені туралы да сұрақтар туындап отыр.
Осылайша, ISU қазақстандық төрешінің әрекетін заңды әрі бейтарап деп танығанымен, Олимпиададағы бағалау жүйесіне қатысты пікірталас әлі де жалғасуда.