Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Азия чемпионаты: еркін күрестен қазақ балуандары жартылай финалға шыға алмады

Бүгін, 12:38

Бозкілемге бес балуанымыз шыққан болатын. 

Азия чемпионаты: еркін күрестен қазақ балуандары жартылай финалға шыға алмады
Жанкелді Қаржан

Азия чемпионатының бесінші жарыс күнінде еркін күрестен бес салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен ҚР ұлттық құрамасының балуандары жартылай финалға өте алмады.

Олардың арасында екі балуан ғана алғашқы айналымнан сүрінбей өтті.

57 келіде Мерей Базарбаев ширек финалда Жапония балуанымен белдесуде 2:1 есебімен жол беріп, жартылай финалдан тыс қалды. Отандасымыз іріктеу кезеңінде өзбекстандық Нодирбек Жуманазаровтан басым түскен болатын.

Ал 65 келіде Әділ Серікұлын іріктеу бәсекесінде жапон Такара Судадан иеленген 4 ұпайы жеңіске жеткізбеді. Қарсыласы белдесуде 6 ұпай еншілеп, ширек финалға шықты. Алайда Күншығыс елінің өкілі жартылай финалдан тыс қалып, отандасымызға жүлде үшін күресуге еш мүмкіндік қалған жоқ.

70 келіде Санжар Досжанов жарысты ширек финалдан бастады. Өкінішке қарай, Иран балуанынан Досжанов екінші кезеңде 3 ұпай еншіледі. Ал парсы спортшысы Сина Калили 10 ұпай еншілеп, сенімді түрде жартылай финалға жолдама алды.

79 келіде Дәулет Ергеш жарысты іріктеу кезеңінен бастап, Жапония балуанымен жолы түйісті. Бірақ белдесуде ол 1 ұпай иеленіп, есесіне қарсыластың шабуылынан қорғана алмады. Осылайша кездесу 9:1 есебімен тәмам болды. Жапония балуаны жартылай финалда жеңіске жетсе, Дәулетке жұбаныш белдесуіне мүмкіндік бар.

Айта кететін жайт, аталған салмақта Париж Олимпиадасының чемпионы Разамбек Жамалов (Өзбекстан) та жартылай финалға шықты.

97 келіде Бекзат Үркімбай алғашқы айналымда Қытай құрамасында қазақ балуанымен белдесуі тиіс болған. Алайда белгісіз себеппен Әбусайман Халила күресуге шыққан жоқ. Ал ширек финалда Бекзат әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Азия чемпионы Араш Йошидамен (Жапония) күресте 10:0 есебімен жеңілді. Енді Жапония өкілі жартылай финалда Париж Олимпиадасының чемпионы Ахмад Тажудиновпен (Бахрейн) күреседі.

Сондай-ақ бүгін әйелдер күресінен ҚР ұлттық құрамасының балуаны Тыныс Дубек (62 кг) Астана уақытымен 15:20-да Азия чемпионатының қола жүлдесі үшін күресетін болады.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам