Финалға жолдама үшін Дәулетбеков Иран мен Жапония балуандары жұбының жеңімпазымен күреседі
Бішкекте күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының балуандары Болат Сақаев пен Азамат Дәулетбеков ширек финалда жеңіске жетті.
Еркін күрестен 86 келіде белдескен отандық бозкілем шебері Болат Сақаев шешуші сында Солтүстік Корея балуаны Сон Ган Джиді 12:2 есебімен қапы қалдырды.
Енді отандасымыз жартылай финалда үндістандық Мукул Дахиямен кездеседі. Финалға шыққан жағдайда Иран мен Түркіменстан балуандары жұбының жеңімпазымен Азия чемпионатының алтыны үшін белдеседі.
92 келіде Азамат Дәулетбеков Моңғолия балуаны Бат-Эрдэнэ Бямбасүрэнмен күресте 3:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға өтті. Финалға жолдама үшін Дәулетбеков Иран мен Жапония балуандары жұбының жеңімпазымен күреседі.
74 келіде Ернұр Нұрғазы 1/4 финалда Өзбекстан балуаны Бегужан Кулдашевтан 4:2 есебімен жеңілді.
125 келіде Едіге Қасымбек ендігі белдесуін Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, Иран балуаны Амир Хуссейнге қарсы өткізеді.
Сондай-ақ, бүгін бозкілемге шыққан Асыл Айтақын (61 кг) жапониялық балуаннан 6:2 есебімен жеңілсе, Дәулет Ергеш (79 кг) жұбаныш белдесуінде Моңғолия өкіліне 15:2 есебімен есе жіберіп, Азия біріншілігін 7-орынмен аяқтады.