UWW Ризабек Айтмұханды айдың үздік балуаны деп таныды
Қазақстандық балуан Ризабек Айтмұхан Біріккен күрес әлемі ұйымының (UWW) нұсқасы бойынша мамыр айының үздік еркін күрес шебері атанды.
Халықаралық ұйым қазақстандық спортшының Вьетнамда өткен 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатындағы сенімді жеңістерін жоғары бағалады. Аталған турнирде Ризабек 125 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ешбір қарсыласына мүмкіндік бермей, алтын медаль жеңіп алған болатын.
Айтмұхан жарыс барысында барлық белдесуін мерзімінен бұрын аяқтады. Ол алдымен өзбекстандық Отабек Назирбоевты 11:1 есебімен жеңсе, жартылай финалда қырғызстандық Жагалан Будашаповтан 14:4 есебімен басым түсті. Ал финалда үндістандық Лакиді 10:0 есебімен ойсырата ұтып, чемпион атанды.
UWW қазақстандық балуанның барлық кездесуде техникалық басымдық танытқанын ерекше атап өтті.
«Ризабек Айтмұхан U23 Азия чемпионатында үш белдесуінің бәрінде техникалық басымдықпен жеңіске жетіп, жас ерекшелігі санатындағы екінші Азия чемпионы атағын жеңіп алды», – деп мәлімдеді ұйымның баспасөз қызметі.
Осылайша, Қазақстанның басты үміттерінің бірі саналатын Ризабек Айтмұхан халықаралық күрес қауымдастығы тарапынан айдың үздік балуаны ретінде танылып отыр.
Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан 2023 жылы еркін күрестен әлем чемпионы атанып, Қазақстан спортының тарихына есімін алтын әріптермен жазған болатын.