Нұрбақыт Теңізбаев пен Гүлісхан Нахбаева депутаттыққа өтті
Қазақстанның жаңа бір палаталы парламенті – Құрылтай құрамына спорт саласынан танылған екі тұлға енді. «Әділет» партиясының тізімі бойынша Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев пен белгілі шахматшы Гүлісхан Нахбаева депутаттық мандатқа ие болды.
27 тамызда партияның Саяси кеңесі Құрылтайдың бірінші шақырылымында мандат алатын 110 кандидаттың тізімін бекітті. Нұрбақыт Теңізбаев тізімде 87-орында, Гүлісхан Нахбаева 101-орында көрсетілген.
Осылайша, бұған дейін халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғаған екі спорт өкілі енді заң шығару ісіне араласпақ.
Спорттан мемлекеттік қызметке
43 жастағы Нұрбақыт Теңізбаев – грек-рим күресінен Қазақстанның ең танымал балуандарының бірі. Оның басты жетістігі – 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесі. Сондай-ақ ол жастар арасында әлем чемпионы, ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері және Азияның екі дүркін чемпионы.
Бейжің Олимпиадасында Теңізбаев бастапқыда қола медаль алған. Кейін финалист Виталий Рахимовтың нәтижесі допингке байланысты жойылып, қазақстандық балуан күміс жүлдегер атанды.
Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Теңізбаев мемлекеттік басқару саласына ауысты. Ол Панфилов аудандық мәслихатының депутаты болды, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарды.
2023 жылы Кеген ауданының әкімі болып тағайындалды. Сондықтан Құрылтайдағы депутаттық қызмет Теңізбаев үшін мемлекеттік басқарудағы алғашқы тәжірибе емес.
Шахматтан саясатқа
35 жастағы Гүлісхан Нахбаева – Қазақстан әйелдер шахматының белгілі өкілдерінің бірі. Ол әйелдер арасында гроссмейстер және халықаралық шебер атағына ие. Қазақстан құрамасы сапында бірнеше шахмат Олимпиадасына, командалық әлем чемпионаттарына және басқа да ірі халықаралық жарыстарға қатысқан.
Нахбаева Азия біріншіліктерінде бірнеше рет жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионатында да талай мәрте топ жарған.
Сайлау науқаны кезінде ол «Әділет» партиясы атынан өңірлерді аралап, тұрғын үй, жұмыспен қамту, сапалы білім, ғылым және адам капиталын дамыту мәселелерін көтерді.
«Халықты бірінші кезекте тұрғын үй мәселесі, одан кейін жұмыспен қамту, сапалы білім, ғылым мен инновация секілді мәселелер алаңдатады», – деген еді Нахбаева сайлауалды кездесулердің бірінде.