Қазақстандық «классиктер» U23 әлем чемпионатында командалық есепте екінші орын алды
Қазақстан құрамасы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен грек-рим күресінен U23 әлем чемпионатын бес медальмен аяқтады. Отандастарымыз екі алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте екінші орынға ие болды.
Қазақстан қоржынына алтын медальді Айбек Айтбеков (60 келі) пен Юсуф Ашрапов (72 келі) салды. Темірлан Тұрдақын (87 келі) күміс жүлдегер атанса, Арсен Жұма (55 келі) мен Джохар Узаров (130 келі) қола медаль иеленді.
Командалық есепте Иран құрамасы 119 ұпаймен бірінші орынға шықты. Қазақстан балуандары 114 ұпай жинап, екінші сатыға тұрақтады. Ал Ресей құрамасы 105 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
Осылайша, қазақстандық грек-рим күресінің шеберлері әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, командалық есепте күміс жүлдеге қол жеткізді.